ШҚО ТЖД құтқарушылары ҰОС тыл еңбеккерлерін аралады

ШҚО ТЖД құтқарушылары ҰОС тыл еңбеккерлерін аралады

Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Амангелді Еңсегенов және ведомство қызметкерлері Ұлы Отан соғысының тыл еңбеккерлеріне барып қайтты.

Зоя Александровна Ларионова соғыс басталған кезде анасы және екі үлкен әпкесімен бірге колхозда еңбек ете бастаған. Ол сол кезде небәрі 9 жаста болған. Фронт үшін жұмыс істеп, егістікте өсірілген барлық өнімді жинаған. Өздері өте қарапайым жағдайда өмір сүрген. Соғыстан кейін Зоя Ларионова өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналасып, осында диспетчер ретінде 29 жыл еңбек еткен.

«Әріптестерімнің мені ұмытпай келетініне өте ризамын. Қазіргі құтқарушылардың заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілгені қуантады. Маған мұны көру жағымды, ал жігіттерге осындай жағдайда жұмыс істеу жақсы» – деп бөлісті Зоя Александровна.

Сондай-ақ, Жеңіс күнімен Ұлы Отан соғысына қатысушының жесірі Нина Никитична Таланованы да құттықтады. Нина Таланова тыл еңбеккері ретінде Жеңіске өз үлесін қосып, майдан қажеттілігі үшін аянбай еңбек еткен.

Аудандық бөлімшелердің жеке құрамы да тыл еңбеккерлері мен ҰОС қатысушыларын барып құттықтады.

Осындай жылы кездесулер – ерлікке толы өткен тарихты еске алудың символы болып табылады.