Өскеменде Сағадат Нұрмағамбетов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдың салтанатты рәсімі өтті

Өскеменде Сағадат Нұрмағамбетов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдың салтанатты рәсімі өтті

7 мамыр күні Өскемен қаласында Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдың салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ШҚО ТЖД басшылығы мен құтқарушылар қатысты.
Сонымен қатар, шараға ұйым басшылары, әскери құрылымдардың командирлері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары да қатысты.
Кеңес Одағының Батыры, «Халық Қаһарманы», Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың ескерткіші оның есімі берілген саябақта, Өскемен қаласының сол жағалауында орнатылған.
Ұлы Отан соғысының ардагері С. Нұрмағамбетов елдің қорғаныс қабілетінің негізін қалап, Қазақстан Республикасының заманауи Қарулы Күштерінің құрылымын сақтап, қалыптастырды.
Сағадат Нұрмағамбетов – аңызға айналған тұлға. Сондықтан Отан қорғаушы күні дәл оның ескерткіші жанында облыс орталығының тұрғындары дәстүрлі түрде жиналады.