
БАҚ өкілдерімен өткен брифингте ШҚО ТЖД мамандары азаматтық қорғау саласындағы жаңашылдықтар туралы баяндады. 2026 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық органдарына объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беру функциялары жүктелді. Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 66-2-бабына сәйкес, адамдар жаппай жиналатын объектілер мен биіктігі жиырма сегіз метрден асатын ғимараттарды қабылдау және пайдалануға беру алдында тапсырыс беруші «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңда белгіленген тәртіппен объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алуға міндетті.
Қорытынды беру бойынша мемлекеттік қызмет тек электрондық форматта «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы, «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасы ақпараттық жүйесінде, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестік туралы қорытынды беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары қызмет көрсетушінің интернет-ресурстарында: www.emer.gov.kz, «электрондық үкімет» веб-порталында: www.egov.kz, www.elicense.kz орналастырылған.
Қорытынды беру қағидаларына сәйкес қызмет алушы келесі құжаттарды ұсынуы қажет: электрондық өтініш, белгіленген тәртіппен бекітілген жобалық (жобалық-сметалық) құжаттаманың көшірмесі, оң сараптамалық қорытындының көшірмесі, өнімнің сәйкестігін растайтын құжаттардың көшірмелері, оның ішінде құрылыс конструкцияларының (соның ішінде ойықтарды толтыру конструкцияларының) отқа төзімділік шегі, өрт қауіптілік сыныбы көрсеткіштері, сондай-ақ құрылыс материалдарының (оның ішінде әрлеу материалдарының) өрт қауіптілік көрсеткіштері. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі – 15 жұмыс күні.
Сонымен қатар мамандар азаматтық қорғаныс саласындағы өзгерістерді түсіндірді. Олар негізінен азаматтық қорғаныс жүйесінің тиімділігін арттыруға, жергілікті атқарушы органдардың рөлін күшейтуге, әрекет ету күштері мен құралдарын дамытуға, басқарудың заманауи тәсілдері мен цифрландыруды енгізуге, мемлекеттің төтенше жағдайларға нақты дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған. Қорғаныс құрылыстарына және адамдар жаппай жиналатын объектілерге қойылатын талаптар күшейтілді.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы өзгерістерге қатысты ШҚО ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының өкілдері мемлекеттік бақылаудың күшейтілгенін, тәуекелге бағдарланған тәсілге көшуді, мониторинг процестерін цифрландыруды, кәсіпорындардың жауапкершілігін арттыруды, халықаралық стандарттармен үйлестіруді атап өтті. Апаттардың алдын алу және тәуекелдерді азайту бойынша тиімді жүйе қалыптастырылуда. Қабылданған өзгерістер мемлекеттік бақылауды күшейтіп, кәсіпорындардың жауапкершілігін арттырып, өнеркәсіпті жаңғыртуға ықпал етеді.
Жалпы, енгізілген өзгерістер ұзақ мерзімді перспективада қауіпсіздік деңгейін едәуір арттыруға және төтенше жағдайлар санын азайтуға мүмкіндік береді.