«Сөйлейтін» дрондар ашық терезелердің қауіптілігі туралы ескертеді

«Сөйлейтін» дрондар ашық терезелердің қауіптілігі туралы ескертеді

Күн жылынған кезде тұрғындар жаппай терезелерін аша бастайды. Алайда дәл осындай күндері жазатайым оқиғалар қаупі ерекше артады. ШҚО ТЖД мәліметіне сәйкес, өткен жылы өңірде терезеден тоғыз бала құлап кеткен, олардың біреуі қаза тапқан.

Алаңдатарлық статистиканың алдын алу мақсатында құтқарушылар профилактиканың ерекше тәсілін қолданды — аулалардың үстінен аспанға дрондар ұшырылып, олар дауыс зорайтқыш арқылы тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін ескертті. Заманауи технологиялар жазатайым оқиғалардың алдын алу саласында құтқарушыларға көмектесуде.

Рейд барысында ТЖД қызметкерлері ата-аналардың масаға қарсы торларға сенуінің қаншалықты қауіпті екеніне де ерекше назар аударуда.

Балаларды қорғау үшін терезелерге арнайы құлыптар мен бекіткіштерді уақытылы орнату қажет.

«Ата-аналардың бір сәтке ғана басқа нәрсеге көңілі бөлініп кетсе, қайғылы жағдай орын алуы мүмкін. Біз ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырамыз», — дейді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Савазов Исхар Хусаинович.

Ата-аналарға құтқарушылар кеңес береді:

— баланың терезе алдына шығуына мүмкіндік беретін жиһаздарды терезе маңынан алыстату;

— арнайы құлыптар мен бекіткіштер орнату;

— балаларды қараусыз қалдырмау, әсіресе ашық терезелері мен балкондары бар бөлмелерде.