
ШҚО ТЖД мамандарының мәліметінше, жылыту маусымы басталғалы өңірде 317 өрт тіркелген. Өрттердің негізгі себептері – жылыту жүйелерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы, электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі, сондай-ақ азаматтардың салғырттығы.
Шығыс Қазақстанда жазатайым оқиғалар мен өрттердің алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 94 мыңнан астам тұрғын үйді аралау жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға пештер мен электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелері түсіндірілді. Жалпы, ТЖ қызметі қызметкерлері тарапынан пештерді пайдалану кезінде – 11489, электр жабдықтарына байланысты – 11489 және басқа себептер бойынша – 10111 құқықбұзушылық анықталды.
Алдын алу шаралары аясында ШҚО ТЖД жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын 21 үйде пеш жабдықтарына косметикалық жөндеу жұмыстарын жүргізді, атап айтқанда жарықтар мен саңылаулар бітеліп, қабырғалар әктелді. 27 үйде мұржалар тазартылды. Күршім ауданында көпбалалы отбасыға жаңа жылыту пеші орнатылды. Глубокое ауданында ескі үйлердегі электр желілері жөнделді. Жергілікті атқарушы органдар сатып алған 496 көміртегі тотығы датчигі әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріне орнатылды.
«Мекенжай бойынша жүргізілетін профилактика халықтың басым бөлігін қамтып, азаматтарға қауіпсіздік шаралары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Рейдтер, аралау, акциялар мен профилактикалық жұмыстар жылыту маусымы аяқталғанға дейін жалғасады», – деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Енсегенов.
Өрттің алдын алу үшін келесі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыз:
• жылыту құралдарын пайдаланғанда зақымдалған оқшаулауы бар электр сымдарын қолдануға болмайды;
• электр жылыту құрылғыларын жанғыш заттардың жанында орналастырмаңыз;
• жылыту маусымы басталар алдында және маусым барысында әр үш ай сайын мұржаларды күйеден тазалауды ұмытпаңыз;
• жарықтары бар пештерді пайдаланбаңыз.
Өрт немесе түтін байқалған жағдайда дереу «112» нөміріне хабарласып, нақты мекенжайды көрсетіңіз.