
Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ТЖ алдын алу басқармасының бас маманы Аяулым Кекиева төтенше жағдайдың не екенін жақсы біледі. 2018 жылы Шығыс Қазақстан өңірі су тасқынының салдарымен күрескен кезеңде Аяулым және оның басқармасы тәулік бойы су басқан аумақтардан ақпарат жинап, қажетті құжаттарды әзірлеп, су деңгейінің көтерілуін бақылап, қалыптасқан жағдай туралы жедел ақпарат беріп отырды.
Егер құтқарушылар апат орнына барып, көмек көрсетсе, Аяулымның қызметі төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастырумен тығыз байланысты.
«Біз қар көшкіндерінің алдын алу мақсатында профилактикалық түсіру жұмыстарын уақытылы жүргізуді, өзендерде мұзды ұсақтау шараларын, туризм қауіпсіздігі мен сейсмикалық жағдайға қатысты мәселелерді тұрақты бақылауда ұстаймыз», – дейді ол.
Маманнан «Мамандығыңызды не үшін жақсы көресіз?» деп сұрағанда, Аяулым адамдарға көмек көрсету мүмкіндігі мен адам өмірін құтқару үшін отқа түсетін батырлардың жанында қызмет ететінін мақтан тұтатынын жеткізді.
«Құтқарушы болу – бұл жай мамандық емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен нағыз ерлік. Осындай жандармен бірге қызмет атқарып жүргеніме қуаныштымын», – дейді ол.