
Арайлым Токжасарова ТЖМ құрылымында 10 жылдан астам уақыттан бері қызмет етеді. Оның жұмысы оқиға туралы хабар түскен сәттен басталады. Оқиға жөніндегі бастапқы ақпараттың жеделдігі мен дәлдігі одан арғы нәтижеге тікелей әсер етеді.
«Мен бала кезімнен қайда және кім болып жұмыс істейтінімді білдім. 9-сыныптан кейін «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша колледжге оқуға түстім, кейін жоғары оқу орнына түсіп, өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисті болдым. Менің міндетіме шақырту орнына күштер мен құралдарды бағыттау, тіршілікті қамтамасыз ету қызметтерімен өзара іс-қимыл жасау, гарнизондағы жалпы жедел жағдайды білу және тағы басқа жұмыстар кіреді», – дейді Арайлым.
«Диспетчердің жұмысы тек сырт көзге ғана жеңіл болып көрінеді. Ең қиыны – әрбір өрт пен оқиғаны жүрегіңнен өткізуге тура келеді. Бірақ басты міндет – эмоцияға берілмей, дереу әрекет ету. Себебі әрбір секунд қымбат, ал сол секундтардың артында көбіне адам өмірі тұрады».
Радиотелефонистің жұмыс күндері өте қарқынды өтеді: әр ауысымда бірнеше жүздеген қоңырау қабылданады. Мұнда қаланың түкпір-түкпірінен өрттер, төтенше жағдайлар және басқа да оқиғалар туралы ақпарат келіп түседі. Өрт сөндіру бөлімінің диспетчерлік қызметінде адамдардың өмірін сақтап қалуға бағытталған үлкен, бірақ көбіне көзге көрінбейтін жұмыс атқарылады.
«Мен үшін ең ауыр өрттер – адам шығыны болған жағдайлар», – дейді радиотелефонист Токжасарова.
Арайлым – үш баланың анасы, оларды жұбайымен бірге тәрбиелеп отыр.
«Жолдасым мені әрдайым қолдайды, ол менің жұмысымды қаншалықты жақсы көретінімді біледі. Балаларым анасының құтқару саласында қызмет ететінін мақтан тұтады. Үйде біз қауіпсіздік ережелерін сақтауға дағдыланғанбыз: мен балаларға қалай әрекет ету керектігін үйретемін, олар үйдегі электрді қайдан өшіруді, плита үстіндегі май жанғанда не істеу керектігін, өрт сөндірушілерді қалай шақыруды біледі», – дейді Арайлым Токжасарова.
«ТЖМ-дегі жұмыс жоғары дайындықты, стрессқа төзімділікті және өзін-өзі бақылауды талап етеді. Сондықтан әр адам жақсы диспетчер бола алмайды. Қызметте біз қиындықтарды ер әріптестерімізбен тең дәрежеде еңсереміз. Адам өмірін құтқаратын өрт сөндірушілермен бірге жұмыс істейтініме мақтанамын», – деп атап өтті Арайлым.