
Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні аясында жас құтқарушылардың жыл сайынғы қысқы жарысы Өскемен қаласындағы №29 мектеп базасында өтті.
Іс-шараны ШҚО ТЖД қызметкерлері және ҚР ТЖМ Қасым Қайсенов атындағы №68303 әскери бөлімінің екінші құтқару батальонының әскери қызметшілері ашты. Құтқарушылар қатысушыларды құттықтап, төтенше жағдайда дұрыс әрекет етуге көмектесетін дағдыларды меңгерудің маңыздылығын атап өтті. Ұлдар мен қыздар күрделі кедергілер жолағынан, шартты түрде мұз астына түсіп кеткен адамды құтқару, құтқару белгілерін ажырату, алғашқы медициналық көмек көрсетуден өтті және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекет қағидаларын меңгеру бойынша бақ сынасты.
Барлық 13 команда қойылған міндеттерді сәтті орындап шықты.
Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлде №29 мектеп оқушыларына бұйырды, бірінші орынды №4 және №37 мектептердің жас құтқарушылары бөлісті, екінші орын №16 және №22 мектеп командаларына, үшінші орын №10 және №26 мектептерге берілді.