Қатты аязда пешті абайлап жағыңыз!

Қатты аязда пешті абайлап жағыңыз!

Қатты аяз кезінде пеш жағудағы басты қауіп – пештің қызып кетуі. Бұл пештің жарылуына және өрттің шығуына әкелуі мүмкін. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін ШҚО ТЖД құтқарушылары пешті шамадан тыс қыздырып жаққанша күніне 2–3 рет 1–1,5 сағаттан жағуды және ұйықтардың алдында 3 сағат бұрын от жағуды тоқтатуды ұсынады. Пешті бір рет қатты қыздырғаннан гөрі, оны жиі әрі қалыпты түрде жаққан дұрыс. Жанғыш және тез тұтанғыш сұйықтықтарды қолдануға болмайды, пешті қараусыз қалдыруға, отынды шамадан тыс салуға және оның үстіне киім кептіруге тыйым салынады.

«Осы аптада күн суытады деп күтілуде. Аяз кезінде пештің шамадан тыс қызуы қауіпті, себебі қатты қызған кірпіш беріктігін жоғалтып, үгітіле бастайды.  Сонымен қатар, пештің қызып кетуі төбе аралығындағы өртке қарсы қашықтық талаптарының бұзылуынан өртке әкеледі. Қашықтық талаптарын сақтамауға байланысты үйлердің жабындығындағы өрттер – жеке тұрғын секторында жиі кездесетін өрт себептерінің бірі», – деп түсіндіреді Нұржан Өміржанов, ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы.

ШҚО ТЖД қызметкерлері өрттің алдын алу мақсатында 88 000-ға жуық тұрғын үйді аралап, үй иелерімен нұсқама жұмыстарын жүргізді. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріне 600-ден астам көміртек тотығын анықтайтын датчик орнатылды.

Мамандардың айтуынша, егер пештің тартуы нашарласа немесе ішкі және сыртқы зақымдар байқалса, тез арада шара қолданып, жарықтарды жөндеу қажет. Бұл көміртек тотығының тұрғын бөлмелерге енуінің алдын алады. Сондай-ақ пештің жанында жиһаз, кілем, отын және басқа да тез тұтанатын заттардың болмауын қадағалау керек. Күлді толық суығаннан кейін жинап, сыртқа шығару қажет.

Егер үйіңіздің өрт қауіпсіздігіне қатысты күмәніңіз болса, өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша ШҚО ТЖД сенім телефонына 52-51-00 нөмірі арқылы хабарласа аласыз.

Аяз кезінде пеш жағудың негізгі ережелері:

-Пешті жиі әрі қалыпты түрде жағу
-Пештің есіктерін жауып жағу
-Оттыққа сыймайтын ағашты қолданбау

Ерекше назар аударыңыз:
Жанып тұрған пешті қараусыз қалдырмаңыз және оны балаларға сеніп тапсырмаңыз.