
Шығыс Қазақстан облысында жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік бойынша профилактикалық айлық аясында құтқарушылар өңірдегі түрлі нысандарда сейсможаттығулар өткізуді жалғастыруда.
Бүгін жоғары оқу орны – Қазақстан-Америка еркін университетінің студенттері үшін төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері нұсқама өткізіп, алынған білімді тәжірибе жүзінде бекітті. Дабыл сигналы бойынша студенттер мен оқытушылар ғимараттан шықты немесе қауіпсіз орындарды паналады.
Құтқарушылар жер сілкінісі кезінде назар аудару қажет негізгі жайттарды түсіндіріп, адамдар жиі жіберетін қателіктерді атап өтті. Сондай-ақ жер асты дүмпулері басталғанға дейін, оның барысында және одан кейін өзін қалай ұстау керектігін еске салды. Алдын ала қажетті құжаттар, азық-түлік, дәрі-дәрмектер мен жылы киімдер салынған «дабыл сөмкелерін» дайындап қоюдың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазовтың айтуынша:
«Мұндай жаттығулар “Азаматтық қорғау туралы”ҚР Заңына сәйкес кәсіпорындар мен білім беру объектілерінде тоқсан сайын өткізіледі. Бұл табиғи апат кезінде әрекеттерді автоматты деңгейге жеткізу үшін қажет, себебі дәл осы дағдылар адам өмірін сақтап қалуы мүмкін».