Отан мен мамандық игілігі жолындағы 20 жыл

Отан мен мамандық игілігі жолындағы 20 жыл

Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары Өскемен қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының мамандандырылған жасағының өрт сөндіру автокөліктерін жүргізу бойынша аға нұсқаушысы Сұңғат Ахметовті құрметті еңбек демалысына салтанатты түрде шығарып салды.

Өрт сөндіруші-жүргізушінің иығында — мамандығына адал қызмет еткен 20 жылдық еңбек жолы бар. Өрт сөндіру автокөліктерін жүргізушілердің кәсіби шеберлігі мен жедел әрекет етуі қиын жағдайға тап болған адамдардың тағдырына тікелей әсер етеді. Олар жеке құрамды өрт орнына қауіпсіз жеткізіп, өз қарауылымен бірге отқа қарсы күреске түседі. Қызмет барысында Сұңғат Ахметов өзін кез келген сәтте өмірін қатерге тіге отырып, адамдарға көмек көрсетуге дайын, нағыз кәсіби маман ретінде көрсете білді. Ол 50-ден астам авариялық-құтқару жұмыстарына және 60-қа жуық өртті сөндіруге қатысқан, ал ұсақ тұтануларға жасалған шақыртулардың саны жүзден асады.
Сұңғат қатысқан ірі өрттер көп болғанымен, әсіресе Риддер қаласындағы орман өрті ерекше есте қалған.«Біз қалың өскен қылқан жапырақты ағаштардың арасында, қатты түтін салдарынан көріну деңгейі төмен жағдайда маневр жасадық. Ағаштардың күйіп кеткен тамырларына байланысты техниканың шөгу қаупі болды. Сондай-ақ іші күйіп кеткен ағаштардың кез келген сәтте құлап кету қаупі де бар еді», – деп еске алады ол. Алайда тәжірибесі мен өрт сөндіру автокөлігін шебер басқаруының арқасында сол күні Сұңғат пен оның әріптестері қойылған міндетті абыроймен орындап, өртті ауыздықтады.

Ұзақ жылдар бойы Ахметов жас мамандарға тәлімгер болды. Ол жаңадан келген қызметкерлерге баға жетпес тәжірибесін бөлісіп, арнайы техниканы басқарудың қыр-сырын үйретті. Өзінің жоғары кәсібилігінің арқасында Сұңғат әріптестерінің шынайы құрметіне ие болды.

«Сұңғат Ахметов — адалдық пен тәртіптің үлгісі. Осындай азаматтардың еңбегі күн сайын тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етеді. Оның мамандығына деген адалдығы үшін алғыс білдіреміз», — деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы Фархат Әміре.

Қызметтің соңғы күні өрт сөндірушілер бауырластығына тән жарқын дәстүрмен — өрт сөндіру жеңдерінен су шашу рәсімімен аяқталды. Сиреналардың үні мен әріптестердің қошеметі астында, су бүркіні арасында тұрып, адам жауынгерлік сапарларды, еңбекке толы күндерді, адал жолдастарды еске алып, Отан мен мамандық жолында өткен әрбір күні үшін тағдырға іштей алғыс айтады.