ШҚО құтқарушылары дабыл қағуда: өңірде өрт оқиғалары апта сайын тіркелуде

ШҚО құтқарушылары дабыл қағуда: өңірде өрт оқиғалары апта сайын тіркелуде
2026 жылдың басынан бері облыс аумағында 112 өрт оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 10 адам қаза тапты, 6 адам пештерді дұрыс пайдаланбау салдарынан көмірқышқыл газынан уланып, оның 1 жағдайы өліммен аяқталды.
 
ШҚО ТЖД қызметкерлері жүргізген профилактикалық рейдтер әрбір үшінші үйде электр желілерін және пешпен жылыту жүйесін пайдалану кезінде түрлі бұзушылықтар бар екенін, сондай-ақ азаматтардың отты абайсыз қолдану фактілері жиі кездесетінін көрсетті. Жыл басынан бері шамамен 8600 жеке тұрғын үй тексерілді.
 
Қаза тапқандардың негізгі бөлігі әлеуметтік тұрғыдан осал, асоциалды өмір салтын ұстанған азаматтар.
 
Төсекте темекі шегу, қараусыз қалдырылған жағылған пештер, уақытында жөнделмеген ұшқын шашатын электр сымдары — мұның барлығы тек өртке ғана емес, қайғылы салдарға әкеледі.
 
ШҚО ТЖД қызметкерлері әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардың үйлерінде қауіпті және ақаулы пештерді жөндеуге көмектесіп, көмірқышқыл газы датчиктерін орнатады. Пешпен жылытылатын үйлерді аралап, қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен, азаматтардың қауіпсіздігі ең алдымен олардың мәдениетіне, жауапкершілігіне және бұзушылықтарды уақытында жоюдың маңызын түсінуіне байланысты екенін ұмытпаған жөн — бұл баспанадан айырылып қалмау және өз өмірін отта жоғалтпау үшін аса маңызды.
 
ШҚО ТЖД еске салады:
•Ақаулы розеткаларды, ұзартқыштарды және қолдан жасалған электр құрылғыларын пайдаланбаңыз;
•Үтіктерді, шәйнектерді, плиталарды қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе перделер мен жұмсақ жиһаздың жанында;
•Төсекте темекі шекпеңіз;
•Пешпен жылытылатын үйлерге көмірқышқыл газы датчиктерін орнатыңыз;
•Балкондар мен подъезд дәліздерін жанғыш материалдармен толтырмаңыз.
 
Өрт байқалған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласыңыз.