
Қысқы кезеңде Астана қаласы ТЖ департаментінің қызметкерлері азаматтардың мұз үстіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Мұз» акциясы аясында су айдындарын профилактикалық патрульдеуді жалғастыруда. Жетуі қиын аумақтардағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін аэроқайықтар мен қарда жүретін арнайы техникалар пайдаланылуда. Патрульдеу барысында құтқарушылар тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мұз үстінде қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын еске салады. Әсіресе адамдар көп жиналатын орындарға ерекше назар аударылады.
Алматы облысында Қапшағай су қоймасында құтқарушылардың, балық инспекциясы өкілдерінің және 24 KZ телеарнасының түсірілім тобының қатысуымен бірлескен профилактикалық рейд өткізілді. Рейд барысында азаматтарға қысқы балық аулау кезіндегі негізгі қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, мұз жамылғысының қалыңдығы мен құтқару құралдарының болуы тексерілді. Іс-шара кезінде су айдынында 100-ден астам адам болған. Қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шығыс Қазақстанда құтқарушылар қысқы су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтті. Рейдтік іс-шаралар барысында мамандар азаматтарға су айдындарындағы қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын еске салады. Негізгі назар профилактикаға аударылуда: тұрғындарға жедел қызметтердің байланыс нөмірлері ескертіліп, қауіпсіздік талаптары түсіндіріледі. Рейдтер нәтижесінде өз өміріне қауіп төндіре отырып мұз үстіне шыққан 44 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жетісу облысының құтқарушылары полиция және балық инспекциясымен бірлесіп Балқаш көлінде балықшылар арасында профилактикалық іс-шаралар өткізді. Іс-шара барысында азаматтарға жұқа мұз үстіне шығудың қауіптілігі, мұз астында балық аулау кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік талаптары, сондай-ақ ресми түрде рұқсат етілмеген өткелдерден тыс мұз үстімен автокөліктердің жүруіне тыйым салынатыны түсіндірілді.
Павлодар облысында ТЖД қызметкерлері су айдындарында белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Азаматтарға мұз үстіндегі негізгі қауіпсіздік ережелерін еске салды, заң бұзушылықтарға жауапкершілік пен арнайы жабдықталған өткелдерден тыс көлікпен шығудың қауіптілігі түсіндірілуде. Биыл қаңтар айында балықшылар дауылды ескертулерді елемей су айдындарына шыққан екі жағдай тіркелді: бірінде автокөлік қар құрсауында қалса, екіншісінде көлік мұз астына батып кеткен. Рейд нәтижесінде қауіпсіздік талаптарын бұзған жүргізушілерге қатысты төрт әкімшілік хаттама жасалды.
Қазақстан ТЖМ азаматтарға қысқы кезеңде су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірі мен денсаулығын сақтаудың басты кепілі екенін еске салады. Кез келген салғырттық қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін.