
Мектептерде өткізілетін мамандықтар жәрмеңкесі оқушыларға болашақ кәсіби бағытын таңдауға көмектесу мақсатында ұйымдастырылады. Осындай кәсіби бағдар беру іс-шарасы Өскемен қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №20 орта мектепте өтті. Аталған шараға ШҚО ТЖД өкілдері белсенді қатысып, М. Ғабдуллин атындағы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғау академиясын тәмамдау арқылы құтқарушы мамандығын қалай игеруге болатыны және төтенше жағдайлар жүйесінің қатарын толықтыру мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.
Академияға оқуға түскен студенттерге бірқатар артықшылықтарды қамтитын бірегей мүмкіндік ұсынылады: толық мемлекеттік қамтамасыз ету (тамақтану, жатақхана, арнайы формалық киім), ай сайынғы шәкіртақы, оқу бітіргеннен кейін кепілді жұмысқа орналасу, азаматтық қорғау лейтенанты атағын беру, сондай-ақ оқу жылдарының жалпы еңбек өтіліне есептелуі.
Осындай іс-шараларды өткізу оқушылардың саналы түрде шешім қабылдауына ықпал етіп, олардың болашақ кәсіби өміріне оң әсерін тигізеді.