«Қазселденқорғау» мамандары туристік аймақтардағы қар көшкіні қаупі бар бағыттарды тексеруде

«Қазселденқорғау» мамандары туристік аймақтардағы қар көшкіні қаупі бар бағыттарды тексеруде

Риддер қаласының маңындағы тауларда қар көшкіні қаупі бар 6 бағытында 96 қар көшкіні ошақтары бар, олардың кейбірі туристік аймақтарда орналасқан. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «ҚР ТЖМ Қазселденқорғау» ММ ШҚО филиалының Риддер өндірістік-пайдалану бөлімінің қызметкерлері «Чекмарь» атты қар көшкіні қаупі бар бағытына жерүсті тексеру жұмыстарын жүргізді.

Беткейлердегі қар жамылғысының орташа қалыңдығы 69 см, кейбір жерлерде 80 см-ге дейін жетеді. Қар тығыздалған, тік беткейінде орташа деңгейде бекіген, ал қалған бөліктерінде жақсы бекіген және жалпы алғанда тұрақты. Қар массасына белгілі бір жүктеме түскен жағдайда (мысалы, шаңғышының өтуі, қатты дыбыс әсері кезінде) көшкін жүру қаупі бар, алайда жалпы алғанда бұл учаскедегі қауіптілік деңгейі орташа деп бағаланады. Өздігінен болатын қар көшкіндерінің жүру ықтималдығы төмен.

Алдын алу іс-шаралары аясында «Қазселденқорғау» мамандары тексеру аймағында болған туристермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қар көшкінінің қаупі және көшкінге тап болған жағдайда өзін қалай ұстау керектігі жөнінде ақпарат берді.

Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін құтқарушылар туристерге ағымдағы және болжамды ауа райы жағдайын үнемі нақтылап отыруды ұсынады. Қар массасының тұрақтылығына қар жаууы, боран, жаңбыр, жылымық, жылы жел және ауа ылғалдылығының артуы әсер ететінін естен шығармаған жөн. Қар көшкіні қаупі бар беткейлерден алыс маршруттарды таңдаңыз, жер бедерін және оның ерекшеліктерін алдын ала зерттеп, қауіпсіз учаскелерді анықтаңыз және таудағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаңыз.