Желдің күшеюі мен мол мөлшердегі ылғалды қар түріндегі жауын-шашын, сондай-ақ ауа температурасының күрт айырмашылығы қар көшкінінің өздігінен жүруіне қолайлы жағдай туғызады. Облыста бірнеше күннен бері қатты жауын-шашын мен желге байланысты дауылды ескерту жарияланған.
Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Қазселденқорғау» ММ филиалының қызметкерлері облыстық маңызы бар Өскемен – Самар автожолы бойында орналасқан «Тайынты» және «Лайлы» бағыттарындағы қар көшкіні қаупі бар учаскелерде жерүсті зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Аталған аумақта 28 қар көшкіні қаупі бар ошақ орналасқан, ал бұл автожолда көлік қозғалысы әрдайым қарқынды.
Жүргізілген зерттеулердің нәтижесі бойынша қазіргі уақытта көрсетілген учаскелерде қар жамылғысының қалыңдығы 35–45 см екенін, қар қабаттарының тығыз әрі берік екені, жел үйінділері мен қар карниздерінің (козырьктерінің) жоқ екені анықталды.
ШҚО ТЖД және ШҚО бойынша «Қазселденқорғау» ММ қызметкерлері тұрғындарға ескертеді:
Қар көшкіні қаупі көбіне қалың қар жауғаннан кейін, әсіресе жаңа қар ескі, тайғақ қатпардың үстіне түскен жағдайда туындайды. Сондай-ақ ауа температурасының нөлден жоғары және төмен ауытқуы қардың әлсіз қабаттарының қалыптасуына себеп болады. Қатты жел қарды бір жерге үйіп, шамадан тыс жүктелген беткейлер мен қар карниздерін қалыптастырады. Қар жамылғысына қосымша салмақ түсіретін жаңбыр да көшкіннің жүруіне түрткі болуы мүмкін. Қары аз қыстар да қауіпті, себебі жұқа қар қабаты жел мен күннің әсерінен тез өзгеріп, әлсіз учаскелерді қалыптастырады.
Қар көшкіні қаупі бар учаскелер орналасқан автожолдармен жүруді жоспарлаған кезде дауылды ескерту жарияланған-жарияланбағанын және көшкін қаупіне байланысты жолдардың жабық еместігін алдын ала тексеріңіз. Мұны «Дармен» мобильді қосымшасын жүктеу арқылы білуге болады.
Қар көшкіні қаупі бар учаскелерден өту кезінде тоқтамаңыз, қауіпті аймақтан мүмкіндігінше тез шығып кетіңіз.
Облыстағы қар көшкіні жағдайына мониторинг жүргізу жалғасуда.