
БАҚ өкілдерімен өткен брифингте ШҚО ТЖД қызметкерлері ағымдағы жылдың басынан бері облыс аумағында 102 автокөлік өрті тіркелгенін хабарлады. Соның ішінде сұйытылған газбен жүретін автокөліктердің өртену жағдайлары анықталмаған. Автокөлік өрттерінің негізгі себептері – көлікті жоғары қауіпті көз ретінде абайсыз пайдалану және электр сымдарының ақаулары.
Республикалық «Газбаллон» акциясы аясында Төтенше жағдайлар департаменті Полиция департаментімен бірлесіп облыс автожолдарында және автотұрақтарда профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Автокөлік иелеріне газбаллонды жабдықпен (ГБЖ) жасақталған көліктерді қауіпсіз пайдалану талаптары түсіндіріледі. ГБЖ бар көліктерді автотұраққа қоюдың қауіптілігі — қыс мезгілінде жылудың әсерінен газдың кеңеюі. Осы ретте баллон 85%-дан артық толтырылмауы тиіс.
Заңның жаңа талаптарын бұзған жағдайда автокөлік иелеріне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс бойынша «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе орындамау» бабымен әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Егер паркингте автокөлік өртеніп, газ жарылысы орын алып, адамның денсаулығына зиян келсе немесе ірі залал туындаса, қылмыстық жауапкершілік көзделген.
ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы бойынша көлік құралын қайта жабдықтау туралы белгі болмағаны үшін 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұзушылық анықталған жағдайда полиция қызметкері ӘҚБтК-нің 797-бабы негізінде мемлекеттік тіркеу нөмірін алып, көлікті пайдалануға тыйым салуға құқылы.
ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Медет Мұқашевтың айтуынша, Өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес ГБЖ орнатылған автокөліктерді тұрмыстық мақсаттағы кіріктірілген және жапсарлас үй-жайларда, сондай-ақ жер асты тұрақтарында және жер деңгейінен төмен орналасқан жабық паркингтерде қоюға тыйым салынады. Қозғалтқыш тек бір жанармай түрімен — газбен немесе бензинмен іске қосылуы тиіс. Қысым бақылау, газ беру, қозғалтқышты жылыту, жанармай түрін ауыстыру жүйелері толық жарамды күйде болуы қажет. Қауіпсіздік және электромагниттік клапандар да тек жарамды күйінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Газ баллондарына куәландыру кемінде әр 2 жыл сайын жүргізілуі тиіс. Көлікті ұзақ уақытқа қалдырғанда: шығын вентильдерін жабу, магистральдық газ құбырынан газды толық шығару, от алуды өшіру, магистральдық вентильді жабу және аккумулятордың «массасын» ажырату керек. Егер көлікті гаражға қойсаңыз, оның ішінде тез тұтанатын заттарды — жиһазды, көп мөлшердегі жанармайды (20 литрден артық) және майды (5 литрден артық) сақтауға болмайды.
Автокөлік өртенген жағдайда көлікті дереу тоқтатып, қозғалтқышты өшіріп, жолаушыларды кемінде 10 метр қашықтыққа шығару қажет. Бұдан кейін оқиға туралы 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарлау керек.