ШҚО құтқарушылары тұрғын үйлердің қауіпсіздігін күзетуде

ШҚО құтқарушылары тұрғын үйлердің қауіпсіздігін күзетуде

Жылыту маусымында негізгі назар пешпен жылытылатын үйлерге аударылады. Құтқарушылар үй-үйді аралап, өрттің алдын алу және пешті дұрыс жағу ережелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Шығыс Қазақстан облысында 2700-ден астам аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты қарттар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар тұратын тұрғын үйлер бар. Осы мекенжайлар бойынша ШҚО ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар мен әлеуметтік қорғау өкілдерімен бірлесіп, көмірқышқыл газының (улы газдың) датчиктерін орнатуда.

Бұл датчиктер тұрғын үй-жайларда қауіптің алдын алу мақсатында орнатылады. Улы газ құрылғы ішіне енген кезде инфрақызыл сәуле оптикалық сенсор бетінде шашырап, дабыл сигналы іске қосылады. Бұл құрылғы өз кезегінде «сигнал беруші» рөлін атқарады, себебі көп жағдайда қайғылы оқиғалар тұрғындар ұйықтап жатқан түнгі уақытта орын алады. «Бұл тұрғындарға дер кезінде қауіп туралы ескертуге және өз өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді», – деді ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

Талдау нәтижесі бойынша, улы газдан улану жағдайларының басым бөлігі жеке тұрғын үйлерде орын алған. Мұндай үйлерде әдетте жарықтары бар пештер қолданылған, сол жарықтар арқылы қауіпті газ үй ішіне тарайды.

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында 20 мыңнан астам алдын алу рейді жүргізіліп, пешті дұрыс пайдаланбауға байланысты 9 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды.

Құтқарушылар жылыту маусымындағы қауіпсіздік шараларына назар аударуды сұрайды:
• үйден шығарда электр құралдарын қосулы күйде қалдырмаңыз;
• электр желісін шамадан тыс жүктемеңіз;
• пеш мұржасын кемінде әр 3 ай сайын тазалаңыз;
• пешті шамадан тыс қызып кетуден сақтаңыз;
• күл мен шлакты арнайы бөлінген, өрт шығу қаупі жоқ жерге төгіп, су құйып өшіріңіз.