Шығыс Қазақстан облысында өрт қаупі жоғары кезең аяқталды

Шығыс Қазақстан облысында өрт қаупі жоғары кезең аяқталды

Брифинг барысында ШҚО ТЖД мамандары хабарлағандай, өрт қаупі жоғары кезең басталғалы облыс аумағында жалпы ауданы 203,78 гектар болатын 27 орман өрті және 469 гектар аумақта 39 дала өртенуі тіркелген. Сондай-ақ, ауданы 840 гектар болатын бір дала өрті орын алған.

27 өрттің ішінде 24-і найзағайдың соғуынан, 1-і – халықтың отты абайсыз қолдануынан, 2-дала жануларының өтуінен туындаған.

Өңірде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтық қорғау күштері, жергілікті полиция қызметі, орман шаруашылығы және жергілікті атқарушы органдардан құралған 290 адамнан тұратын 52 мобильді топ жұмыс істеді. Мобильді топтармен 1828 рейдтік іс-шара өткізілді, нәтижесінде 88 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 400 дөңгелек үстел, 532 жиналыс, шамамен 4700 нұсқама жүргізіліп, барлығы 14 000-нан астам адам қамтылды.

Орман өрттеріне ден қою және алдын алу іс-қимылдарын жетілдіру мақсатында «Өрт – 2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Облыс аумағында барлығы 12 тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізіліп, оған 836 адам, 307 техника және 1 өрт пойызы тартылды.

ТЖД өрт сөндіру қызметі мен орман шаруашылығы мекемелерінің жедел және үйлесімді іс-қимылдарының арқасында өрттер бастапқы сатысында сөндірілді.

Табиғи өрттердің таралуына жол бермеу мақсатында облыс аумағында жалпы ұзындығы 2068 км минералданған жолақтар жасалып, өрт қаупі жоғары кезеңде бұл жұмыс 100% орындалды.

Төтенше жағдайларға уақтылы әрекет ету және табиғи өрттер мен өрт қауіпі бар елді мекендердегі төтенше жағдайларды тиімді жою мақсатында әкімдіктер тарапынан 57 өрт бекеті және 9 ерікті құрылым құрылды.