Шөп жанбасын десеңіз

Шөп жанбасын десеңіз

Шөптің жануынан болатын өрттер – жыл сайын облыс қалалары мен аудандарының тұрғындары кездесетін өзекті мәселе. Орасан еңбекпен дайындалған мал азығы бірнеше минуттың ішінде отқа оранып, жанып кетеді. Шығыс Қазақстан облысында өрт қауіпті кезең басталғалы 625 тонна шөп жанып кетті. Мал азығының жану себептерінің негізгісі – отты абайсыз пайдалану және қасақана өрт қою.

«Өрттердің алдын алу мақсатында шаруа қожалықтарының басшыларымен және жұмысшыларымен, тұрғындармен тұрақты түрде нұсқаулықтар, жиындар өткізіліп, үгіт-насихат материалдары таратылады. Мал азығының жану қаупін болдырмау үшін оларды сақтау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажет. Балаларды шөп қордаланған орындарға жіберуге болмайды, ол жерлерде ойнауға тыйым салынады, себебі балалардың отпен ойнауы – өрттің жиі кездесетін себептерінің бірі», – деді Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

ШҚО ТЖД еске салады:
• шөп жинақтау аумағы жанғыш қоқыстардан тазартылуы тиіс;
• электр желілеріне дейінгі ең аз қашықтық – 15 метр, жолдарға дейін – 20 метрден кем емес, ғимараттар мен құрылыстарға дейін – кемінде 50 метр болуы қажет;
• тұрғын үйлерге жақын сарайлардың төбесіне шөп жинауға тыйым салынады;
• шөп үйінділерін қойылатын алаңдар, сондай-ақ үйінділер жұптары енi кемінде 4 метр жыртылған жолақпен (опаховка) қоршалуы тиіс.

Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыз және жұмысыңызды қорғаңыз.
Өрт кезінде дереу "112"телефоны арқылы хабарлаңыз.