Миссия – өмірді құтқару

Миссия – өмірді құтқару

Игорь Васильевич Лапенлавский – 1-сыныпты құтқарушы, 2002 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының бастығы.Оның есептік тізімінде 1000-нан астам құтқару операциясы бар. Авариялық-құтқару жұмыстарын табысты орындағаны үшін түрлі медальдармен және халықаралық деңгейдегі марапаттармен наградталған. Оның жетекшілігімен Шығыс Қазақстан өңірінде үш ұрпақтан астам құтқарушылар тәрбиеленіп шықты.

Құтқарушы мамандығына қалай келдіңіз? Сіздің жолыңыз қалай басталды?

Құтқару бөлімшелерін құру туралы алғашқы қаулы шыққанда, құтқарушыларды іріктеу бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Сол кезде шамамен 120 үміткер болды. Біз психологиялық дайындықтан, тестілеуден және дене шынықтыру сынағынан өттік. Солардың ішінен ең лайықтылар таңдалып алынды.

1994 жылдың 17 қаңтарында алғашқы құрам – 22 адамнан тұратын отряд құрылды. Бұл Қазақстандағы алғашқы құтқару жасағы еді, біз сол кезде бүкіл облыс бойынша жұмыс істедік. Ал 2000 жылы өңірлік отрядтар құрылды.

Ол кезден бері техника мен жабдық қаншалықты өзгерді? Бұрын қандай құралдармен жұмыс істедіңіздер?

1994 жылдан 2000 жылға дейін негізінен альпинистік құрал-жабдықтармен жұмыс істедік. 1996 жылы алғаш рет «Простор» атты ескі үлгідегі құрал алдық. Ол ауыр, көлемді болғанымен, біз үшін нағыз жаңалық еді.

Қазір мақтанышпен айтуға болады – біздің жабдықтарымызды ресейлік әріптестер де қызыға қарайды. Қазір Қазақстан құтқарушыларының қолында «ХОЛМАТРО-1» жүйесі бар – халықаралық деңгейдегі ең үздік құралдардың бірі. Авариялық-құтқару машинасы толықтай заманауи құрылғылармен жабдықталған: альпинистік жабдықтар, тыныс алу аппараттары, қауіпсіздік құралдары, электрлік және гидравликалық кескіштер мен ажыратқыштар. Бұрын мұндай техниканы тек армандап қана қоюшы едік. Қазір біздің қолымызда жоғары өтімді жол талғамайтын көліктер, гидроциклдер, дрондар және табиғи апаттарға бейім өңір үшін аса маңызды басқа да техника түрлері бар.

Ең қиын құтқару операциясы есіңізде ме?

Ең күрделі операциялардың бірі Белоусовка кентінде 360 метр тереңдіктен суға кеткен адамның денесін шығару болды. Бұл оңай шаруа емес, өте қауіпті әрі жауапты жұмыс еді. Әріптестерімді альпинистік құралмен түсірдік, бір бөлігі жоғарыдан сақтандыру жасады. Байланыс үшін шетелдік рациялар қолдандық, тау-құтқарушылар көмектесті. Алғаш түскен құтқарушы – Валентин Титаренко, артынша Алексей түсті. Сол сәтте бір балка опырылып кетіп, Валентин оны ұстап тұрды, ал Алексей жоғары көтерілді. Жігіттер жер бетіне шыққанда, тоңып, шаршаған еді. Бұл операция мен үшін ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Білмесең – қорқыныш басым. Әріптестерім үшін алаңдадым. Бұл оқиға кейін басқа өңірлерге де тәжірибе болды. Мысалы, дәл осындай жағдай Ақтауда болғанда, біздің қызметкерді кеңес беру үшін арнайы шақыртқан.

Сіз кинолог болғансыз. Бұл мамандықты қалай меңгердіңіз?

Кинолог болу маған қажет болды. Себебі ит – бұл біздің барлау құралымыз, сенімді серік. Менің досым әрі әріптесім Олег Гвоздев Армениядағы жер сілкінісі кезінде қызмет еткен, үлкен тәжірибесі бар еді. Бізге алғашқы итіміз аты Леон болды. Біз қарай бастадық. Ресейлік кинологтармен танысу өтті.  Осылайша кинологиялық қызметке қызығушылық басталды. 1998–1999, 2000 жылдары Ресейдің кинологтары бізге келіп, тәжірибе өткізді, жаттығулар жүргізді. Кинологиялық қызметке күшікті сыйға тартты. Сол кезде үйрендік, қателіктерімізден сабақ алдық. Кинологтардан ескертулер де алдық, түсіну және қарау керек болды, кейін жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелер көрсеттік.

Көпшілік құтқарушыларды ең батыл адамдар деп санайды. Бұл рас па?

Иә, бұл рас. Біздің жігіттер шынымен де батыл. Бірақ айтайын: ешнәрседен қорықпайтын адам – ақымақ. Батылдық – бұл қорқынышты жеңу қабілеті. Әрине, кез келген қиын операция алдында қобалжу болады. Бірақ біз дәл сол үшін өмір сүріп, дайындаламыз – қорқынышты жеңу және өз ісімізді абыроймен орындау үшін.

Құтқарушы – бұл шынымен де ержүректік пен жауапкершілікті талап ететін мамандық.

Арманыңыз бар ма?

Шынымды айтсам, нақты арманым бар деп айта алмаймын. Өмірімде бәрі бар: жұмыс, үй, балалар, немерелер. Мен, бәлкім, әлі тыныш өмірді аңсайтын кезеңге жетпеген шығармын. Әзірге ойымда бір ғана нәрсе – қызметімді абыроймен жалғастыру.