
Ағымдағы жылы облыстың 10 ауданында 30 су тасқынына қарсы іс-шараны іске асыру жоспарланған. Іс-шаралардың 11-і аудандық бюджет есебінен, 19-ы облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылады.
Облыстық бюджет есебінен жоспарланған 19 іс-шараның 9-ы орындалды.
Глубокое ауданындағы Прогресс ауылында Глубочанка өзені бойында жаяу жүргінші және автокөлік көпірі маңында су өткізу қабілетін арттыру жұмыстары жүргізілді. Глубочанка өзені бойындағы Белоусовка кентінде де ұқсас жұмыстар атқарылды: өзен арнасын түзеу, тереңдету, ағаштар мен бұталардан тазарту жұмыстары орындалды.
Быструха ауылында Малоубинка өзені бойында көпір мен жағалауда орналасқан тұрғын үйлерді қорғау бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарланған.
Ново-Ульбинка ауылында Малая Ульба өзенінде су деңгейі көтерілуінен қорғау мақсатында арнаны реттеу және жағалауды нығайту құрылысы жүргізілді.
Черемшанка ауылында қорғаныс бөгетін қалпына келтіру жоспарланған.
Катонқарағай ауданында Ақсу ауылында Ақсу өзенінің арнасын тереңдету және жағалауды бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Самар ауданында «Карповка» су қоймасын күрделі жөндеу, тасқын суларды өткізу құрылғысын жөндеу, төменгі су өткізгіштің өткізу қабілетін арттыру, бөгет денесін нығайту жұмыстары басталды.
Марқакөл ауданында Қалжыр және Қарақаба өзендерінде жағалауды бекіту, арнаны түзеу және түбін тазалау жұмыстары атқарылды.
Алтай ауданында Зубовск кенті маңындағы Бұқтырма өзенінің жағасында және Хамир өзеніндегі бөгеттердің денесі ұлғайтылды. Березовка өзенінде тазалау және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді.
Шемонаиха ауданында Лосиха және Козлиха өзендерінің арналары тазартылды.
Үлкен Нарын ауданында Үлкен Нарын ауылында Нарын өзенінің жағалауын түзеу және нығайту жұмыстары жүргізілді.
Ұлан ауданында Герасимовка ауылында Уланка өзенінің арнасына дейін су бұру арналары мен арықтар орнатылды. Қ. Қайсенов кентінде Қараөзек өзеніне дейін су бұру арналары салынды. Уланка өзеніндегі тоған бөгетін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ бөгет жиегін нығайту, топырақ төгу және тегістеу бойынша ауқымды жұмыстар жоспарланған.
Күршім ауданында Ұшбулақ ауылынан шығар жолда су өткізу құбырлары орнатылды.
Риддер қаласында арық жүйелері мен су өткізу құрылыстары тазартылды.
Катонқарағай ауданында Чингистай ауылында Бұқтырма өзенінің арнасын бұру, арнасын тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Жазаба ауылында Чесноковка өзенінің жағалауын бекіту және арнасын тазалау жұмыстары атқарылды. Ұрыл ауылында Бұқтырма өзенінің арнасын бұру, тереңдету және жағалауды бекіту бойынша ағымдағы жұмыстар жалғасуда.
Марқакөл ауданында Ақбұлақ ауылында 3 көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Шемонаиха ауданында Выдриха ауылында су тасқынына бейім көшелерге ағымдағы жөндеу жүргізілді, «Шемонаиха-Октябрьское-Луговое» автожолындағы су өткізу құбыры жөнделді, сондай-ақ Рассыпное ауылындағы көпірге ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Су тасқынына бейім Зевакино, Жаңа Убинка, Убинка ауылдарының көшелеріне ағымдағы жөндеу жүргізілді, сондай-ақ Қызыл Шемонаиха ауылындағы су өткізу құбырына жөндеу жасалды.