Азаматтық қорғау органдарының 30 жылдығы аясында ШҚО ТЖД қызметкерлері көпбалалы отбасылардан шыққан 30 оқушыға мектеп құрал-жабдықтары салынған сөмкелерді табыс етті.
Жаңа оқу жылы қарсаңында отбасыларды қолдау – құтқарушылардың жыл сайынғы дәстүрі. Бұл игі іске облыстың аудандық және қалалық бөлімшелері қатысады.
«Мектепке жол» – бұл қайырымдылық акциясы. Біздің жұмысымыз мұндай отбасыларға ерекше көңіл бөлумен тікелей байланысты. Біз олармен қауіпсіздік профилактикасына арналған іс-шаралар өткіземіз, тұрғын үйлерге улы газға қарсы дабылқаққыштар, сондай-ақ көпқабатты үйлердің терезелеріне балаларды жазатайым жағдайлардан қорғау үшін арнайы құрылғылар орнатамыз, – деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.
Мектеп құрал-жабдықтары салынған сөмкелер балаларға ШҚО ТЖД базасында табыс етілді. Сондай-ақ, бүлдіршіндерге өрт сөндіру бөлімінде экскурсия ұйымдастырылып, заманауи техника және құтқарушы мамандығының қыр-сырымен таныстырылды.