БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Болат Тоқтарғалиев Шығыс Қазақстан облысы аумағында 667 білім беру нысаны есепке алынғанын айтты. Олардың қатарына жалпы білім беретін, мектепке дейінгі ұйымдар, интернаттық мекемелер, кәсіби лицейлер, техникалық мектептер, колледждер және өзге де білім беру нысандары кіреді.
300 білім беру нысанында профилактикалық бақылау жүргізілді. Тексеру нәтижесінде 1600-ден астам заңбұзушылық анықталды.
Көбінесе заңбұзушылықтар құжаттаманы дұрыс жүргізбеуге қатысты, сонымен қатар әртүрлі құрылыстарды өртке қарсы өңдеудің болмауы, электр желілері мен электр жабдықтарының тиісті жағдайда болмауы, жанғыш материалдарды сақтау, бастапқы өрт сөндіру құралдарының істен шығуы сияқты заңбұзушылықтар да кездеседі.
Профилактикалық бақылау нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік іс қозғалмай, оларды жою туралы белгіленген мерзімдері көрсетілген нұсқама шығарылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жедел ден қою шаралары қолданылады.
Кодекстің 152-бабының 13-тармағына сәйкес, анықталған заңбұзушылықтарды жою мерзімі өткен соң, нысандар заңбұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат беруге міндетті. Әдетте, білім беру нысандарында анықталған заңбұзушылықтардың барлығы нұсқамада көрсетілген мерзімдерде жойылады.
Өрт қауіпсіздігі талаптары толық көлемде орындалмаған жағдайда, ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалады. Бұл бап бойынша нұсқаманы орындамау немесе тиісінше орындамау әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама сот органдарына жолданып, шешім шығарылады.
462-баптың 3-бөлігінің санкциясына сәйкес жеке тұлғаларға – 5, лауазымды тұлғаларға – 15 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Балалардың және жұмысшы персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру нысандарындағы өрт қауіпсіздігінің басты талаптарының бірі – оқушыларды өрттің туындауы туралы дер кезінде хабардар етуге мүмкіндік беретін жұмыс істеп тұрған автоматты өрт дабылы жүйесі.
Бүгінгі күні облыс бойынша Алтай ауданында және Шемонаиха ауданында орналасқан екі мектепте автоматты өрт дабылы жүйесі әлі күнге дейін жұмыс істемей тұр.
Жыл сайын бұл нысандарда инспекторлық құрам профилактикалық бақылау жүргізіп, нұсқамада осы өрескел заңбұзушылық көрсетіледі, алайда ол жойылмай отыр. Аталған мектептерге қатысты нұсқаманы орындамау немесе тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалған болатын.
ШҚО Білім басқармасының мәліметі бойынша, екі білім беру мекемесіне автоматты өрт дабылы жүйесін орнату үшін қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру мақсатында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қосымша бюджет өтінімі берілді. Қаржыландыру болған жағдайда, автоматты өрт дабылы жүйесін орнату жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталады. Дегенмен, әзірге жағдай өзгеріссіз қалып отыр.