Шығыс Қазақстан облысы ТЖД медициналық қызметінде ерекше мамандар еңбек етеді. Дәрігерлер төтенше жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетеді, сондай-ақ төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің медициналық тексерулерін өткізеді.
Айгерім Жансарова құтқару қызметінде 2015 жылдан қызмет атқарады.
Құтқарушылардың денсаулығы бәрінен маңызды. Егер біреу өзін нашар сезінсе, бірден әрекет етіп, ауру белгілерін тоқтату үшін жедел көмек көрсетуге тырысамыз. Біз талай рет күйік, қан кету, сүйек сынуы мен соғылу жағдайларында көмек көрсеттік. Сондай-ақ, құтқару саласының қоғам үшін маңызды қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын дамытуға үлкен мән береміз: спорт, дұрыс тамақтану және аурулардың алдын алу – бәрінен бұрын тұрады, – дейді Айгерім Жансарова.
Төтенше жағдайлар қызметкері ретінде Айгерім өңір қауіпсіздігі үшін еңбек етуде. Бұл – өте маңызды әрі жауапты іске өз үлесін қосып жатқанын үнемі сезінетін жұмыс. Айгерім Жансарова жиі еске алатын жағымды оқиғалардың бірі – өрт болған үйде үй жануары – мысығы қалып қойған әйелге алғашқы көмек көрсету сәті. Мысығы сол жерде қалғандықтан, әйел қатты уайымдап, қан қысымы көтеріліп кеткен. Ол жануарын табуды сұрап айқайлап, жылай берген. Әйел адам тек құтқарушылар мысықты қауіпсіз аймаққа алып шыққаннан кейін ғана сабырлыққа келгенін айтады.
2025 жылдың басынан бері Апаттық медицина орталығының дәрігерлері әртүрлі төтенше жағдайларға 270 рет шыққан. Олар 40-қа жуық азаматты құтқарып, 50-ден астам зардап шеккен адамға көмек көрсетті. Шақыртулардың 40 пайызы өрттерге, 25–30 пайызы жол-көлік оқиғаларына байланысты. Жол апаттарының ерекшелігі – жиі кездесетін бетпе-бет соқтығыстар, мұндай апаттарда бірнеше адам ауыр жарақат алады. Қазір республикалық және облыстық трассалардағы қауіпті учаскелерде апаттарға ұшырағандарға жедел медициналық-құтқару көмегін көрсету жүйесін ұйымдастыруға мүмкіндік берген трассалық медициналық-құтқару пункттерінің тұрақты жүйесі құрылды.
Әрбір шақырту – ерекше. Өйткені әр жағдай әртүрлі. Екі бірдей өрт немесе апат болмайды, сондай-ақ екі бірдей адам жоқ. Біздің күнделікті жұмысымыз – өмірді құтқару. Көбіне экстремалды жағдайда дәл осы жерде және дәл қазір жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан апттық медицинасының мамандары арнайы дайындықтан өтеді. Біз өміріміз бен еңбегімізді адамдардың өмірін құтқаруға арнаймыз, – деді ҚР ТЖМ Апаттық медицинасы орталығының ШҚО филиалы жедел медициналық көмек көрсету бөлімінің басшысының орынбасары Қайрат Бексұлтан.
Мұндай жұмыста жақсы дәрігер болу ғана емес, батылдық пен мықты мінез де қажет, – деп толықтырды ол.