
Шұбарсу ауылдық округінде тұрғындарға газ және жылыту құралдарын қауіпсіз пайдалану талаптары түсіндіріліп, үйлерге иіс газының датчиктері орнатылды.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Шұбарсу ауылдық округінде аудандық газ инспекциясының мамандарымен бірлесіп, 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғындар арасында үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жылыту маусымы кезеңінде тұрғын үйлердегі өрттердің, газдан улану жағдайларының және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздік талаптарын сақтау мәдениетін арттыру.
Түсіндіру жұмыстары барысында тұрғындарға газ жабдықтарын, жылыту пештері мен электр құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, жылыту пештерінің техникалық жағдайын алдын ала тексеру, мұржаларды уақытылы тазалау және ақаулы жылыту құрылғыларын пайдаланбау жөнінде ескертулер берілді.
Мамандар тұрғындарға көміртегі тотығынан (иіс газынан) уланудың негізгі себептері мен оның алдын алу жолдарын түсіндірді. Жылыту маусымы кезінде пештерді қараусыз қалдырмау, бөлмелерді тұрақты желдетіп отыру және газ жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі атап өтілді.
Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында тұрғын үйлерге көміртегі тотығының (иіс газының) датчиктері орнатылды. Мамандар датчиктердің қызметі мен олар іске қосылған жағдайда тұрғындардың әрекет ету тәртібін түсіндірді.
Төтенше жағдайлар қызметі жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарын сақтауға және пештерді, газ және электр жабдықтарын пайдалану кезінде барынша сақ болуға шақырады.