Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Созақ ауданының Бақырлы ауылында жаңа ерікті өрт сөндіру пунктін (ЕӨҚҚ) салтанатты түрде ашты. Бұл нысан ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің бір бөлігіне айналып, жалпы саны шамамен 6,8 мың адамды құрайтын екі елді мекенде төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде министр Шыңғыс Әрінов ерікті өрт сөндіру құралымдарын дамыту мен олардың шалғай ауылдардағы санын арттыру министрліктің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті: «Мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестік қауіпсіздік инфрақұрылымын құруда және халықты төтенше жағдайлардан қорғауда маңызды рөл атқарады. Біз еріктілерге толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік жасау үшін техника, киім-кешек, байланыс құралдары мен қажетті жабдықтарды береміз».
ТЖМ басшысы кәсіпкерлер қауымдастығының қатысуы «Ауыл құтқарушылары» желісін дамыту мен өңірлердегі қауіпсіздік деңгейін арттырудың маңызды факторларының бірі екенін атап өтті.