
Түркістан облысы ТЖД-мен республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарын күтіп-ұстаушы «Қазавтожол» ҰК» АҚ Түркістан облысы филиалы мен «Оңтүстік жолдары» МКК 2025-2026 жылдардағы қысқы кезеңге дайындығына комиссиялық тексеру жұмыстары жүргізілді.
Қыс мезгілінің басталуына байланысты республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарын қысқы жағдайда күтіп ұстау мәселелері ерекше назарда. Осыған орай, жауапты мемлекеттік органдар мен жол мекемелері тарапынан дайындық жұмыстарының барысын тексеру мақсатында арнайы комиссиялар құрылып, жергілікті жерлерде бақылау шаралары жүргізілуде.
Тексеру барысында комиссия мүшелері автожол мекемелерінің қоймаларында сақтаулы тұрған тұз, құм секілді материалдардың мөлшерін, арнайы техникалардың жұмысқа жарамдылығын және жүргізуші-механизаторлардың қысқы жұмыс тәртібіне дайындығын жіті қадағалады.
Сонымен қатар, жол бойындағы жылыту бекеттерінің, олардың материалдық-техникалық жабдықталу (азық-түлік, отын және т.б.) жағдайы да назардан тыс қалмады. Комиссия құрамымен қысқы кезеңдегі қауіпсіздік талаптарының сақталуы, төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету алгоритмі де пысықталды.
Атқарылған жұмыстар қорытындысы бойынша жалпы алғанда, көптеген өңірлерде жол мекемелері қысқы кезеңге дайын екені анықталды. Алайда, кейбір аймақтарда техникалық құрал-жабдықтар мен материалдық қор жеткіліксіз екендігі байқалып, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Бұл – қыс мезгілінде автокөлік жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және төтенше жағдайлардың алдын алудың маңызды тетігі болып табылады.