Түркістан облысында өрт қауіпсіздігін сақтау және суға шомылу маусымындағы сақтық іс-шаралары күшейтіледі. Бұл мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы жауапты тұлғалардың есебін тыңдап, қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Соңғы 3 жылда суға кеткен жағдайларға талдау жасап, оқиғалар суға кеткен көп тіркелген орындарда ескерту белгілерін орнатуды тапсырамын. Мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізілсін. Баланың өміріне бәріміз жауаптымыз. Каналдарға, өзендерге баланы қараусыз жібермеу керек. Орман, дала өрттерінің алдын алу және шомылу маусымын тұрақты бақылауда ұстаңыздар. Өрт қауіпсіздігіне қатысты жобалар, жұмыстар толық атқарылсын, – деген Нұралхан Көшеров өрт сөндіру бекеттерін салуды кешеуілдеткен аудан, қала әкімдерінің есебін тыңдап, тиісті ескерту жасады.