Тайынша қаласында өрт кезінде үш қызды құтқарған 38 жастағы азамат СҚО ТЖД бастығының алғыс хатымен марапатталды.
Құрметті марапатты «Рощинское 2016» ЖШС қызметкері Айдын Ақановқа СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Жомарт Аскаров табыс етті. Ол батыл азаматтың жанқиярлығы мен азаматтық жауапкершілігін ерекше атап өтіп, оның ерлігін барша қазақстандықтарға үлгі етті.
17 ақпанға қараған түні жұмыс орнында болған Айдын жеке тұрғын үйдің шатырынан өрттің лапылдаған жалынын байқап қалды. Аулаға жүгіріп кіргенде, веранда отқа оранып, үйдің ішінен балалардың жан дауысы естілді. Ойланбастан, Айдын терезені сындырып, қою түтінге толған бөлмеден 2019, 2010 және 2009 жылы туған үш қызды алып шықты. Батыл азамат оларды көрші үйге жеткізіп, қауіпсіз жерге орналастырды. Абырой болғанда, балаларға медициналық көмек қажет болмады.
Марапаттау рәсімінде балаларды құтқарған батырды аудан әкімі Берік Әлжанов, «Рощинское 2016» ЖШС басшылығы және қоғам өкілдері шын жүректен алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.
Айта кету керек, батыр өз ерлігінің негізін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 68303 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметте шыңдаған.
СҚО ТЖД