Найзағай – жаңбыр, күн күркіреу және жай түсумен бірге екпінді жауын-шашын. Найзағайлар көп мөлшердегі электр қуаты жиналған түйдек-жауын бұлттарының дамуына байланысты болады. Бұлттарда, немесе бұлт пен жер арасында болатын көп ретті электр тоғын жай дейді. Найзағай міндетті түрде күннің күркіреуімен және желдің ұйытқуымен бірге жүреді. Найзағай болатынын әдеттегідей алдын ала білуге болады: күн қатты қыздырады, ауа ылғалданады, тыныш және қапырық болады. Көкжиекте екпінді жауын-шашын бұлттарының жинақталуын байқауға болады. Олар жылдам қозғалып, көп кешікпей аспанды тұтас қаптайды. Жел ұйытқып соғады, бағытын күрт өзгертіп, кейін күшейе түседі, қара бұлттай шаң көтеріп, ағаштардың жапырақтарын жұлады және бұтақтарын сындырады, үйлердің шатырының жабындарын жұлуы мүмкін. Содан кейін жоғарыдан төнген бұлттардан жаңбыр шелектеп құяды, кейде бұршақпен бірге. Найзағай жарқылдап, құлақ тұндыра күн күркірейді.
Найзағай немен қауіпті?
Бәрінен бұрын найзағай разряды қауіпті. Оның адамға тура түсуі қайғылы аяқталуы мүмкін. Жыл сайын дүние жүзінде найзағайдан 3 мыңға жуық адам қаза болады.
Найзағай кезінде жүріс-тұрыс ережелерін сақтаған жөн
- Жақындаған найзағай белгілері байқалса, оны ғимараттың ішінде күтіңіз.
- Терезелерді, есіктерді, түтіндіктерді жабыңыз. Теледидарды, радионы, электр құрылғыларын, телефонды өшіріңіз.
- Электр өткізгіштерден, антенналардан, терезе мен есіктен алшақ болыңыз.
- Егер найзағай кезінде далада қалсаңыз, жақын маңайдағы ғимаратқа тығылыңыз.
- Егер найзағай кезінде саябақта, орманда қалсаңыз, жоғары ағаштардың, әсіресе емен, терек сияқты ағаштардың астына жасырынбаңыз.
- Егер сіз көтеріңкі жерде, құзда, тауда болсаңыз, тез арада төменге түсіңіз немесе үйіліп жатқан тастар арасында қуыстан баспана іздеңіз.
- Ашық қорғалмаған орындарда, металл қоршаулар, ірі металл объектілері, дымқыл қабырғалар, жерге қосылған жай тартқыш және найзағайдан залалдану мүмкіндігі жоғары дәрежедегі басқа объектілер маңында болуға болмайды.
- Егер сіз найзағай кезінде су қоймасында болсаңыз, тез арада жағаға шығып, судан барынша алысқа барыңыз.
- Теріңіздің жыбырлауын байқасаңыз, сондай-ақ шашыңыз тік тұрса, жақын маңайға жай түсетінін біліңіз. Ойланбастан, жерге етпетінен жата қалыңыз – ол сіздің жарақаттану қатеріңізді азайтады.
- Егер сіз велосипедте немесе мотоциклде найзағайға тап болсаңыз, қозғалысты тоқтатып, көлікті тастаңыз және олардан 30 метр шамасындағы қашықтықта тоса тұрыңыз.
- Егер сіз машинада келе жатсаңыз, сонда қалыңыз. Терезелерін жауып, автомобиль антеннасын түсіріңіз және тоқтаңыз.
- Паналайтын жер болмағанда су қоймасынан алысырақ жерге, жақсырағы құрғақ құмды жерге жатқан жөн. Егер сізге отырған қолайлы болса, онда тізелеріңізді бірге бүгіп, екі қолыңызбен құшақтап, басыңызды төмен түсіріңіз.
- Найзағай кезінде жүгірмеңіз.
- Шар сияқты найзағаймен кездескен кезде тыныштық сақтап, қозғалмаңыз. Оған жақындамаңыз, еш нәрсемен тиюге болмайды, одан қашпаңыз.
СҚО ТЖД
Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы
азаматтық қорғау капитаны Е. Рүстем