Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптары

Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің  қауіпсіздігі жөніндегі талаптары

Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 9 қазандағы № 673 бұйрығыменбекітілген газбен жабдықтау жүйелері мен газды тұтыну жүйелеріне қолданылады.

Газбен жабдықтау жүйесін пайдаланатын әрбір ұйымда техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүйесін қоса алғанда, газ тарату жүйесі мен газ тұтыну объектілерін жарамды күйде ұстауды және Талаптардың нормаларын сақтауды қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені орындалады.

 Газбен жабдықтау жүйесіне техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мен жүргізуді Талаптар және Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 41 шешімімен қабылданған "Артық қысыммен жұмыс істейтін жабдықтың қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламентінің 16-тармағына сәйкес (бұдан әрі – Техникалық регламент) жабдыққа қоса берілген техникалық құжаттаманың талаптары айқындайды.

Газбен жабдықтау жүйесінің объектілеріне техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу Талаптарда және жабдықтар мен агрегаттарды дайындаушының нормативтік-техникалық құжаттамасында белгіленген көлемде және мерзімдерде орындалады.

Газбен жабдықтау жүйесінің объектілеріне техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу графиктерін меншік иесі немесе пайдаланушы ұйымның басшысы бекітеді және шарт бойынша көрсетілген жұмыстарды орындайтын ұйымның басшысымен келісіледі.

 Газбен жабдықтау жүйесін техникалық пайдаланумен айналысатын тұлғаларға, ұйым технологиялық регламенттерді, ал өрт қауіпті учаскелерде жұмыс істейтіндер үшін – өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулықтарды әзірлейді.

Газ реттеу пункттері жабдығын, газ реттеу қондырғысын, газ толтыру станцияларын, стационарлық автомобильді газ құю станциясы мен қазандықтарға техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу жөніндегі технологиялық регламентке бекіту арматурасы мен бақылау-өлшеу аспаптары орнатылған жерлер көрсетілген технологиялық схемалар қоса беріледі.

Реконструкцияланғаннан, техникалық қайта жабдықталғаннан және технологиялық процесс өзгертілгеннен кейін жабдық жұмысқа қосылғанға дейін технологиялық регламент пен технологиялық схема қайта қаралады және қайта бекітіледі.

Ұйым пайдаланудағы газ құбыры мен газдандырылған объектілердің жобалық және атқарушылық құжаттамасын сақтайды.

Басқа (пайдаланушы) ұйымдарға Талаптардың осы тармағының бірінші бөлігінде аталған құжаттарды сақтауға тапсыру олар шарт талаптары негізінде техникалық қызмет көрсетуді және жөндеуді орындаған жағдайда ғана жол беріледі.

Әрбір сыртқы газ құбырына, электр қорғаныш, резервуарлық және топтық баллон қондырғысына, газ реттеу қондырғыларға, газ толтыру станцияларына, газ толтыру пункттеріне, стационарлық автомобильді газ құю станциясына негізгі техникалық сипаттамадан, сондай-ақ жүргізілген жөндеулер туралы деректерден тұратын пайдалану паспорты (еркін түрде) жасалады.

Техникалық регламенттің 23-тармағына сәйкес мәліметтерді қамтитын дайындаушының паспорты болады.

Дайындаушының паспортынсыз арматураны пайдалануға болмайды.

Бекітпе арматураның сермерінде арматураны ашып-жабу кезіндегі бұрау бағыты белгіленеді.

Қазандықтардың газ құбырларында, газ реттеу пункттерінде (газ реттеу қондырғыларында), газ толтыру станцияларында (газ толтыру пункттерінде), стационарлық автомобильді газ құю станцияларында газ ағынының қозғалу бағыты көрсетіледі.

 Газбен жабдықтау жүйесін пайдаланатын әрбір ұйымда оның атқарушы органының бұйрығымен (өкімімен) басшылардың немесе мамандардың қатарынан "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 79-бабына сәйкес оқытудан өткен газбен жабдықтау жүйелері объектілерін қауіпсіз пайдалануға жауапты тұлға тағайындалады.

  Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға жатқызылған ұйымдарда, сондай-ақ штатында бөлімше басшысы немесе техникалық білімі бар маман лауазымы көзделмеген ұйымдарда газбен жабдықтау жүйесін қауіпсіз пайдалануды бақылауды "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 79-бабына сәйкес оқытудан өткен жұмыскер жүзеге асырады.

Жоғарыда көрсетілген талаптарды сақтау жабдықтың қызмет ету мерзімін ұзартады, газбен жабдықтау және газ тұтыну жүйесін пайдаланатын кәсіпорындағы авариялылық пен жарақаттануды барынша азайтады.

 

 

 

 Қазақстан Республикасы Төтенше

 жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік

 қауіпсіздік комитетінің Солтүстік

 Қазақстан облысы бойынша

 Департаменттің қазандық, газ

 шаруашылықтары және көтергіш

 құрылыстар объектілерін мемлекеттік

 қадағалау бөлімінің бас маманы                                А. Д. Басенов