
Мағжан Жұмабаев мұражайы ақынның туған жері Сарытомар ауылында 1993 жылы алғаш есігін ашты. 3 залда орналасқан экспозиция материалдары ақынның өмірлік және әдеби жолына арналған. Мұражайда барлығы 250 экспонат бар. Жиналған кітаптардан басқа, фотосуреттер, Омбы, Алматы және Петропавл мұрағаттарынан құжаттардың көшірмелерін байқауға болады. Ақынның шығармашылығы мен өмірін зерттеушілер үшін бірегей экспонаттар, атап айтқанда 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан Мағжанның таңдамалы өлеңдер жинағы ерекше қызығушылық тудырады. Сол жылдардағы сирек фотосуреттер, поэтикалық сөз шеберінің жеке заттары әртүрлі басылымдардан белгілі ақпаратты толықтырады. Мұражайда ақындармен және жазушылармен кездесулер, дөңгелек үстелдер, сондай-ақ, мемлекеттік және ұлттық мерекелерге арналған іс-шаралар өткізіледі.
Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін патриоттық тәрбиелеу, ақынның туған өлкесінің тарихын зерделеу мақсатында М.Жұмабаев ауданының ТЖ бөлімі мен Булаев қаласының №12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлеріне мұражайға экскурсия ұйымдастырылды.
Экскурсия барысында ақынның өмірбаяны көрсетіліп, ақындық, шығармашылық қызметі туралы материалдар жинақталған бұрышпен таныстырылды.
М. Жұмабаев ауданының ТЖБ