
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Қамсақты ауылында 220-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа нысан жалпы саны 1300-ден астам тұрғыны бар тоғыз елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Ашылу салтанатына облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихин және Айыртау ауданының әкімі Мейрам Мендыбаев қатысты. Іс-шара барысында ауылдық жерлерде өрт сөндіру және құтқару инфрақұрылымын дамыту халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Өрт сөндіру бекетінде қызмет атқаруға барлық қажетті жағдай жасалған: диспетчерлік бөлме, жеке құрамның демалыс бөлмесі, тұрмыстық бөлмелер, ас үй және қазандық жабдықталған. Өрт сөндіру пунктінің штатында екі ерікті қызмет етеді. Олар өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға тәулік бойы дайындықты қамтамасыз етеді. Бұл бөлімшенің төтенше жағдайларға жедел ден қоюға әрдайым дайын болуына мүмкіндік береді.
Бөлімшеге қажетті өрт-техникалық жарақпен, жабдықтармен және байланыс құралдарымен жабдықталған өрт сөндіру автоцистернасын ТЖМ табыстады. Сонымен қатар, қойылған міндеттерді орындау үшін өрт сөндіру пункті тасымалды мотопомпалармен, бензин генераторымен, радиостанциялармен, өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімімен және қызметтік нысанды киіммен жабдықталған.