
Өңір жолдарында профилактикалық рейдтер полиция қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырылуда.
Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Полиция департаментімен бірлесіп «Өрт сөндіру көлігіне жол бер!» профилактикалық акциясын өткізуде.
Іс-шараның мақсаты – жүргізушілердің жолдағы тәртібін арттыру және жедел міндеттерді орындауға бағыт алған арнайы көліктерге жол беру қажеттігін еске салу.
Акция барысында жол қозғалысына қатысушыларға заңнама талаптары түсіндіріліп, төтенше жағдай орнына асығып бара жатқан өрт сөндіру техникасының кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етудің маңыздылығы жеткізілуде. Себебі мұндай жағдайда әрбір минут адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқаруы мүмкін.
Рейдтердің бірі барысында жеңіл автокөлік жүргізушісіне қосылған жарық және дыбыс белгілерімен қозғалып келе жатқан өрт сөндіру көлігіне жол бермегені үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Құтқарушылар жүргізушілерге арнайы қызмет көліктеріне дер кезінде жол беру арқылы олардың оқиға орнына жылдам жетуіне және адамдарға қажетті көмекті жедел көрсетуіне ықпал ететіндерін еске салады.