БҚО-да шомылуға арналған 34 орын белгіленіп, су айдындарында бақылау күшейтілді

БҚО-да шомылуға арналған 34 орын белгіленіп, су айдындарында бақылау күшейтілді

Батыс Қазақстан облысында шомылуға арналған 34 жағажай аймағы белгіленген. Оның ішінде 13-і коммуналдық, 21-і жекеменшік жағажай.

Оқушылардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүзу дағдыларын қалыптастыру мақсатында облыс аумағында 5 жабық бассейн және 34 модульдік қаңқалы бассейн жұмыс істейді.

Демалуға және шомылуға арналмаған қауіпті су айдындары учаскелерінде 387 тыйым салу белгісі мен 81 ақпараттық баннер орнатылған.

Құтқарушылар тарапынан қауіпті және жабдықталмаған су айдындары учаскелерінде 7 бағыт бойынша патрульдеу ұйымдастырылған. Сонымен қатар, ҚР ТЖМ 20982 әскери бөлімінің құтқару батальонының әскери қызметшілері күн сайын белгіленген 5 орында кезекшілік атқарады.

Құтқарушылар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, халық арасында су айдындарын ортақ пайдалану қағидаларын бұзуға жол бермеу, сондай-ақ балалардың ересектердің қарауынсыз су айдындарында болуына жол бермеу жөнінде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күні 300-ден астам рейдтік іс-шара өткізіліп, 4 мыңнан астам үгіт-насихат материалы таратылды.

Жыл басынан бері су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес 25 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.