Қазақстан ТЖМ басшысы жер сілкінісі қаупін азайту саласындағы өңірлік ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады

Қазақстан ТЖМ басшысы жер сілкінісі қаупін азайту саласындағы өңірлік ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов 29 сәуір күні Ташкент қаласында өткен Халықаралық жер сілкінісі құрбандарын еске алу күніне арналған халықаралық іс-шараларға қатысты. Жиынға жиырма бес мемлекет пен халықаралық ұйымдардың төтенше жағдайлар ведомстволарының басшылары мен өкілдері қатысты. Кездесуде сейсмикалық төзімділікті арттыру, төтенше жағдайларға ден қоюға дайындық және апаттардан кейінгі қалпына келтіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Іскерлік бағдарлама аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен Орталық Азиядағы апаттар қаупін басқару жүйесін нығайту жөніндегі бастама қаралды. Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның төтенше жағдайлар ведомстволары басшыларының үйлестіруді күшейтуге және практикалық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған бірлескен мәлімдемесіне қол қойылды.

Өз сөзінде ТЖМ басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы Бұхара облысының Дағдарыс орталығына сапары барысында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға ден қоюға дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Сонымен қатар мониторингтің заманауи технологияларын енгізу, болжау жүйелерін дамыту және өңірлік деңгейдегі үйлестірілген іс-қимылды күшейту қажеттігіне баса мән берілді.

Еске алу іс-шаралары аясында 1966 жылғы жер сілкінісінің салдарын жоюға арналған «Ерлік» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Қатысушылар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен бұл халықаралық күн сейсмикалық тәуекелдерді төмендету және халықты қорғау деңгейін арттыру мәселелеріне назар аударуға бағытталған.