
СҚО: Оқушыларға азаматтық қорғаныс туралы айтылды
«№12 орта мектеп» КММ мен «Дарынды спортшы балаларға арналған Солтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты» КММ-де Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орай мектеп министрлерімен кездесулер өтті. Шара азаматтық қорғаныс саласындағы білімді арттыруға бағытталған.
Кездесу барысында қатысушыларға азаматтық қорғаныстың негізгі міндеттері, төтенше жағдайлар кезіндегі мінез-құлық ережелері мен қауіпсіздік шаралары туралы айтылды. Сондай-ақ, оқушыларға Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына оқуға түсу мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Өкілдер қабылдау ережелері, дайындық бағыттары және оқу мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.
Мұндай іс-шаралар жастар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді және мектеп оқушыларының құтқарушы мамандығына деген қызығушылығын арттырады.