
Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар
қар құрсауынан 58 адамды құтқарды
Ақжар, Жұмабаев, Шал ақын, Жамбыл, Уәлиханов, Тимирязев, Айыртау, Мамлют, Қызылжар және Тайынша аудандарында ТЖД күштері қар құрсауында қалған 19 жеңіл автокөлікті жолдың тазартылған учаскесіне сүйреп шығарды. 58 адам, оның ішінде 10 бала құтқарылды. Сондай-ақ 194 адамға жол көрсетіліп, олар жылыту пункттеріне орналастырылды.
Сонымен қатар, қарға ілініп қалған 19 автокөлік пен 131 адам, оның ішінде 2 бала, жылыту пунктіне жеткізілді. Құтқару бөлімшелері қиын ауа райы жағдайында қалған адамдарға көмек көрсету жұмыстарын жалғастыруда. Тимирязев ауданында, Ақсуат ауылының маңында, қалың қар құрсауына байланысты жолда 7 жеңіл автокөлік тұрып қалды. Көмекке жоғары өтімді техникамен ТЖМ құтқарушылары келді. Қызметкерлер қар құрсауында қалған автокөліктерден адамдарды жедел эвакуациялап, оларды жақын маңдағы елді мекендерге жеткізді. Барлығы 9 адам құтқарылды. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ. Қызылжар ауданында Петерфельд ауылынан ТЖМ құтқарушылары әйелді тасымалдауға көмек көрсетті. Әйелге медициналық мекемеге жедел жеткізу қажет болды. Құтқарушылар оны көлікпен медициналық қызметкермен бірге Петропавл қаласындағы ауруханаға апарып салды. ТЖМ қызметкерлерінің жылдам әрекеттерінің арқасында әйел уақытында ауруханаға жеткізілді және дәрігерлерге тапсырылды.