СҚО-да су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және алдағы су тасқынына қатысты болжамдарды нақтылау үшін мұз қалыңдығы өлшеніп жатыр.
Балықшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдағы су тасқынына дайындық аясында жағдайды бақылау мақсатында СҚО ТЖД мен «Қазгидромет» облыстық филиалының қызметкерлері Петропавл қаласының маңындағы Есіл өзенінде мұздың қалыңдығын өлшеді. СҚО-ның кіші өзендерінде мұз қалыңдығы 14-тен 93 см-ге дейін, ал Есіл өзенінде 49-дан 74 см-ге дейін жететіні атап өтілді. Алайда бұлақтар мен ойықтар бар жерлерде бұл көрсеткіштер әлдеқайда төмен болуы мүмкін. Басты басымдық — халыққа қауіп-қатерді ескерту және қауіпсіздік шараларын түсіндіру үшін ең қауіпті учаскелерді анықтау.
Осы жұмыстарды жүргізу барысында Департаменттің Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Әсет Шайкин БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Ол су тасқынына дайындық барысы туралы айтып, мұздағы және алдағы табиғи құбылыс кезеңіндегі ТЖ алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарға тоқталды.