Петропавл қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, СҚО ТЖД азаматтық қорғау майоры Елжас Құрманғужен азаматтық қорғау органдарында 2017 жылдан бері еңбек етеді.
Өрт сөндіруші мамандығына қызығушылығы Елжастың есінде қалған бір күннен бастау алды. Ол кезде Петропавлдағы көрші үйде шыққан өртті сөндіру жұмыстарының куәсі болды. 16 жастағы мектеп оқушысын өрт сөндірушілердің ұйымшылдығы мен жедел қимылдары, қиындықтар мен қауіпке қарамастан батырлық істерге дайын болуы қатты таңғалдырды. Сол сәттен бастап ол облыс орталығындағы №4 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерінің жиі қонағына айналды. Өрт сөндірушілердің жұмысына қызығып, олармен бірге кедергілер жолағын өтіп, жеке құрамның дене даярлығына қатысты.
«Балалық шағымнан-ақ Отаным үшін қалай көбірек пайда тигізуге болатынын, азаматтарды қауіптен қорғау жолдарын ойлайтынмын. Ал мамандық таңдау уақыты келгенде, шешімім біржола әрі қайтарымсыз қабылданды!», – деп еске алады азаматтық қорғау майоры. ҚР ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясындағы оқу оңай болған жоқ, бірақ ол кейінгі қызметке жақсы трамплин болды. Әсіресе «Өртті сөндіру тактикасы» пәні ерекше ұнады, мұнда өртті сөндіру тәсілдері, эвакуация мен адамдарды құтқару жолдары жан-жақты талқыланатын.
ЖОО-ны тәмамдаған соң туған жеріне – Шал ақын ауданына, қарауыл бастығы қызметіне жіберілді, кейін Қызылжар ауданының Бескөл ауылында еңбек етті. Бұл жылдар оған көп нәрсе сыйлады: тәуліктік кезекшіліктер, өрт сөндіру, төтенше жағдайларды жою, халық арасында алдын алу жұмыстары. Күн өткен сайын біржола таңдаған мамандығының маңыздылығына, оның халық алдындағы беделіне сенімі арта түсті. Петропавл гарнизонына ауысуы жас маманның қызметтік жолындағы есте қаларлық белес болды: мұнда ол ірі өрттерді сөндіруге, су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайларды жоюға қатысты. Ол үшін ерекше оқиға – Қостанай облысындағы табиғи өрттермен күреске қатысу. Онда әріптестерімен, орманшылармен және еріктілермен иық тірестіре ауыл тұрғындарының үйлерін оттан қорғады.
Әсіресе, облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өрт кезінде 5-қабаттағы пәтерден бойжеткенді арқасына салып, оған тыныс алу аппараты кигізіп алып шыққан сәті есінде. Елжас әлі күнге дейін оның алғысқа толы жанарын, туғандарының жүрекжарды сөздерін ұмытқан емес…
Қызметтестерінің арасында жас маман лайықты беделге ие, әрдайым қиын сәтте көмекке келуге дайын, кеңесін беріп, жұмыс тәжірибесімен бөліседі.
Елжастың тірегі – отбасы. Жұбайы Әзизамен бірге екі бүлдіршінді тәрбиелеп отыр: ұлы – Әлихан, қызы – Ясмин. Балаларымен жиі саябақта серуендеп, отбасылық ойындар ұйымдастырады. Жүгірумен әуестенеді, үнемі өзін «жауынгерлік қалыпта» ұстауға тырысады. Оның өмірлік ұстанымы: «Әркім өз ісінің кәсіби маманы болып, жоғары деңгейде еңбек етуі тиіс!».
СҚО ТЖД имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы