Кәсіби мереке – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында тележурналистер мен тілшілер Петропавл қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барды.
Қонақтар өңірдегі ең көне бөлімдердің бірінің күнделікті қызметімен, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың еңбек жағдайымен танысты. Оларға бөлім аумағында заманауи автокөліктер, құрал-жабдықтар мен арнайы киімдер көрсетілді. Журналистер өртті сөндіру, төтенше жағдайларды жою, апаттық-құтқару және іздестіру жұмыстарын жүргізу бойынша мазалаған сұрақтарына жан-жақты жауап алды.
Іс-шараның «шегесі» практикалық бөлім болды: БАҚ өкілдеріне құтқарушылардың альпинистік дайындығы, «өмір кубын» қолдану және психологиялық кедергілер жолағынан өту бойынша көрсетілімдер ұсынылды. Журналистер барлық тәжірибелік кезеңдерге белсене қатысып, өздерін құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің рөлінде сынап көрді.
СҚО ТЖД