Жалған шақыру - жауапсыздық емес, заң бұзушылық!

Жалған шақыру - жауапсыздық емес, заң бұзушылық!

Біздің күнделікті өміріміз түрлі оқиғаларға толы. Өкінішке қарай, олардың барлығы бірдей қуанышты немесе жағымды бола бермейді. Осындай күтпеген жағдайлар орын алған кезде көмекке келетін арнайы қызметтер бар - 101, 102, 103, 112. Бұл нөмірлерді барша халық жақсы біледі.

Олардың ішінде 101 - өртке қарсы қызмет ең бірінші кезекте әрекет ететін және жылдам шешім қабылдайтын қызмет. Уақтылы қоңырау шалу арқылы адам өмірі мен мүлкін аман сақтап қалуға болады. Қызмет мамандары тәулік бойы жұмыс істейді, келіп түскен хабарламаларды жедел қабылдап, оқиға орнына қажетті күштер мен құралдарды бағыттайды.

Алайда соңғы уақытта бұл нөмірге орынсыз, бейінді бағыттан тыс және кей жағдайда әдейі жасалған жалған қоңыраулар саны көбейіп отыр. Кейбір азаматтар қызығушылықпен немесе ойын үшін қоңырау шалып, анықтама сұрайды, ал кейбірі әдейі жалған хабарлама береді. Мұндай жауапсыз әрекеттер - нағыз көмекке мұқтаж адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Себебі өрт сөндірушілер жалған шақыртуға барып жатқанда, шынайы көмек қажет болған жерге кешігіп қалуы мүмкін.

Мұның нақты мысалы ретінде жуырда Шымкент қаласында орын алған жағдайды айтуға болады. Азаматша В. арнайы қызметтерге жалған шақырту жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шақыру орнына барған кезде өрт фактісі расталмады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 438-бабы 1-бөлігіне сәйкес оған 60 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды.

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті барлық азаматтарды арнайы қызметтерге тек нақты және шынайы жағдайда ғана жүгінуге шақырады. Жалған шақырту - бұл тек заң бұзушылық емес, сонымен қатар біреудің өміріне қауіп төндіретін әрекет екенін ұмытпаңыз!