
Шымкент қаласында тұрғындардың тұрмыстық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өрттің алдын алуға бағытталған «Өрт қауіпсіздігі айлығы» республикалық акциясы ауқымды деңгейде басталды.
Айлықтың алғашқы күнінде Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлерімен «Өрт қауіпсіздігі» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Акция барысында тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, олардың өтініші бойынша пештер мен электр жүйелері тексерілді. Іс-шара барысында өрттің алдын алу мақсатында арнайы газдабылқаққыштар орнатылып, тұрғындарға қауіпсіздік жөнінде жаднама парақтары таратылды.
Акцияға Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері, Газ техникалық қызмет мамандары, еріктілер және БАҚ өкілдері белсене атсалысты.
Шара аясында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 729 тұрғын үйді аралап, 3 мыңға жуық азаматқа өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты:
- Тұрғындарға тұрмыстық өрт қауіпсіздігі ережелерін жеткізу;
- Тұрғын үйлерге өрт хабарлағыштары, улы газ датчиктері және газ талдағыштар орнату қажеттілігін түсіндіру;
- Газ баллонды жабдықпен жарақталған көлік құралдарын қауіпсіз пайдалану талаптарын түсіндіру;
- Жаңа жылдық іс-шаралар кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын кеңінен насихаттау.
«Өрт қауіпсіздігі айлығы» аясындағы бұл шаралар азаматтардың тұрмыстық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және қауіпті жағдайлардың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болып табылады. Акция жалғасын тауып, тұрғындармен профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетін болады.
Шымкент қаласы ТЖД қала тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады. Бұл қарапайым талаптарды орындау сіздің өміріңіз бен мүлкіңізді қорғауға көмектеседі!