Наурыз Шымкенттен басталады

Наурыз Шымкенттен басталады

 Ұлыстың Ұлы күні-Наурыз мейрамы қарсаңында Шымкент қаласында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ерекше аталып өтілуде. Солардың бірі «Great Qazaq Games» этно фестивалінің аясында 2023 жылғы 20 наурызда «Qalashym» жаңа ипподромының аумағында киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар, 4 номинация бойынша жарыстар өткізілді.

Ұлттық нақышта киініп, Ұлы мейрамды жоғары деңгейінде атап өтуді дәстүрге айналдырған шымқаланың тұрғындары бұл жолы да биіктерден көріне білді. Бұл игі іс-шарадан Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті және оның құрылымдық бөліністері, ведомстволық бағынысты мекемелері де қалыс қалған жоқ.

Мекеме атынан киіз үй тігіліп, мерекелік дастархан жайылды. Ұлттық тағамдардың барлық түрлері әзірленіп, қонақтарды күтіп алды.

Еліміздің айтыскер ақындары Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова төтеншеліктердің алғашқы қонақтары болып, мерекелік дастарханнан дәм татты, өздерінің игі тілектерін білдірді. Одан әрі де көптеген сыйлы қонақтар келіп, мерекемен құттықтады.

Іс-шара 3 күн бойы жалғасатын болады. Біз өз кезегімізде барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймыз! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!


Қызметтің қоғаммен байланыс тобы