«Даймонд Плаза»: өрт кезіндегі жедел әрекет пысықталды

«Даймонд Плаза»: өрт кезіндегі жедел әрекет пысықталды

Шымкент қаласындағы «Даймонд Плаза» сауда-ойын-сауық орталығында өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті. Негізгі мақсат – өрт кезіндегі өрт сөндіру бөлімшелерінің жедел әрекетін, адамдарды эвакуациялауды және жедел қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтау.
Сценарий бойынша орталықтың төртінші қабатындағы кинотеатрда шартты өрт орын алды. Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жедел жетіп, жағдайды бағалап, өрт ошағын оқшаулау және адамдарды іздеу жұмыстарын жүргізді.
Құтқарушылар түтін басқан үй-жайларды тексеру барысында шартты түрде зардап шеккен екі адамды анықтап, қауіпсіз аймаққа шығарды және 103 жедел медициналық жәрдем қызметінің мамандарына тапсырды.
Оқу-жаттығу барысында адамдарды эвакуациялау, барлау жүргізу, өртті сөндіру, күштер мен құралдарды орналастыру, сондай-ақ нысан қызметкерлері мен жедел қызметтердің бірлескен әрекеті пысықталды.
Жаттығу соңында барлық іс-қимылдарға талдау жасалып, анықталған мәселелер талқыланды.
Мұндай оқу-жаттығулар төтенше жағдай кезінде жедел әрі үйлесімді әрекет ету дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.