
Өрт дабылы іске қосылды. Келушілер ғимараттан шыға бастады. Қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері адамдарды эвакуациялық шығу жолдарына бағыттады. Бірер минут ішінде сауда орталығына алғашқы өрт сөндіру есептоптары жетті.
Осылайша «Shymkent Plaza» сауда және ойын-сауық орталығында нақты өрт жағдайына барынша жақындатылған тактикалық оқу-жаттығу басталды.
Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес, үшінші қабаттағы кинотеатр залдарының бірінде өрт шықты. Жалын тез таралып, үй-жайларды түтін баса бастады. Сонымен қатар өрт аймағында адамдардың болуы мүмкін екені жағдайды едәуір күрделендірді.
Нысан қызметкерлері оқиға туралы өрт сөндіру қызметіне дереу хабарлап, келушілер мен персоналды эвакуациялауға кірісті. Алғашқы бөлімшелерді қарсы алу және қалыптасқан жағдай туралы ақпаратты жеткізу ұйымдастырылды.
Нысанға бірінші болып №3 өрт сөндіру бөлімінің есебі келді.
Өртті сөндіру басшысына негізгі эвакуацияның жүргізіліп жатқаны, алайда үшінші қабаттағы кинотеатр залдары аумағында адамдардың қалуы мүмкін екені баяндалды.
Жағдай күштер мен құралдарды дереу арттыруды талап етті.
Шартты түрде өртке жоғары ранг берілді. Оқиға орнына қосымша №2 және №5 өрт сөндіру бөлімдерінің өрт сөндіру есептері, сондай-ақ автосаты жіберілді. Бөлімшелер келген бойда жұмыс учаскелеріне бөлініп, қойылған міндеттерді орындауға кірісті.
Бірінен соң бірі жеткен бөлімшелер жедел түрде жұмыстарға қосылды.
Бір есептер жауынгерлік қанат жаюды жүргізіп, өрт сөндіргіш заттарды беруді ұйымдастырса, екінші топтағы газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары түтін басқан үй-жайларға кіріп, барлау және адамдарды іздеу жұмыстарын жүргізді.
Өрт сөндірушілер үшінші қабаттағы үй-жайларды тексеріп, кинотеатр залдары мен оған іргелес аумақтарды бақылауға алды. Табылған шартты зардап шеккендер қауіпті аймақтан эвакуацияланды. Сонымен қатар есептоптар өрт ошағын оқшаулау және жалынның одан әрі таралуына жол бермеу жұмыстарын жалғастырды.
Шартты өрт оқшауланып, толықтай сөндірілді. Барлық шартты зардап шеккендер құтқарылды.
Оқу-жаттығудың сырт көзге көрінетін қарқынды барысының артында әр бөлімшенің нақты әрі үйлесімді жұмысы тұр: алғашқы хабарламаны қабылдап, алғашқы есептердің келуінен бастап күштер тобын ұлғайту, барлау жүргізу, адамдарды іздеу және құтқару, сондай-ақ өртті түпкілікті сөндіруге дейінгі барлық кезең пысықталды.
Адамдар жаппай жиналатын нысандарда өткізілетін мұндай оқу-жаттығулар бөлімшелердің жағдай күрделенген кездегі іс-қимылға дайындығын тексеруге, күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын пысықтауға, ең бастысы — әр шешімнің маңызы ерекше болатын алғашқы минуттардағы іс-қимылдардың үйлесімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл жолы дабыл — шартты. Ал міндет — нақты.