ШЫМКЕНТТЕ УЛЫ ГАЗДАН УЛАНУДЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

ШЫМКЕНТТЕ УЛЫ ГАЗДАН УЛАНУДЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

«Өрт қауіпсіздігі» акциясы аясында Абай ауданының Қайнарбұлақ саяжайында тұрғындар арасында профилактикалық іс-шара өткізілді.

Іс-шараға Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері, қалалық газ техникалық қызмет мамандары және Жастар ресурстық орталығының еріктілері қатысты.

280 тұрғынға өрт қауіпсіздігі, электр құралдарын қауіпсіз пайдалану, газ және жылыту қондырғыларын дұрыс қолдану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Улы газдан уланудың негізгі себептері мен оның алдын алу жолдары түсіндіріліп, 6 тұрғын үйге газ дабылы орнатылды.

Тұрғындарға қауіпсіздік талаптары жазылған жадынамалар таратылды.

Шымкент қаласы ТЖД ескертеді!

Жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтаңыз:

* жылыту маусымы басталар алдында пештер мен мұржалардың жарамдылығын тексертіп, ақауларын дер кезінде жөндетіңіз;

* мұржалар мен желдету арналарының тазалығын тұрақты бақылаңыз;

* пешті қараусыз қалдырмаңыз және балаларға оны өздігінен жағуға жол бермеңіз;

* пешті жағу үшін бензин, керосин және басқа да тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдаланбаңыз;

* жанғыш заттарды пештің маңына қоймаңыз;

* электр жылыту құралдарын тек жарамды күйде пайдаланыңыз және электр желісіне шамадан тыс күш түсірмеңіз;

* бірнеше қуатты электр құралын бір розеткаға қатар қоспаңыз;

* газ жабдықтарын өз бетіңізше жөндеуге немесе қайта орнатуға болмайды;

* газ және жылыту қондырғылары жұмыс істеп тұрған кезде бөлмені тұрақты желдетіп тұрыңыз;

* тұрғын үйге улы газды анықтайтын дабылқаққыш орнату ұсынылады;

* үйден шығарда және ұйықтар алдында пештің, газ және электр жылыту құрылғыларының қауіпсіздігіне көз жеткізіңіз.