Контенттен – қауіпсіздікке: блогерлер отбасы құтқарушыларда қонақта

Контенттен – қауіпсіздікке: блогерлер отбасы құтқарушыларда қонақта

Шымкент қаласы ТЖД құтқарушылардың қызметін таныстыру және қауіпсіздік мәдениетін насихаттау мақсатында блог-тур ұйымдастырды.

Балаларға арналған танымдық әрі қызықты бейнероликтерімен кеңінен танылған, әлеуметтік желілерде 2 миллионнан астам жазылушысы бар Көпжасаровтар отбасы Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен өткен блог-турға қатысып, құтқарушылардың күнделікті қызметімен танысты.

Блог-тур барысында қонақтар өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың заманауи техникасы және арнайы құрал-жабдықтарының мүмкіндіктерін көріп, жауынгерлік киімдерді киіп, автосаты арқылы биіктікке көтерілді. Сондай-ақ өрт сөндіру оқпанынан су шашып, құтқарушылардың жұмысын тәжірибе жүзінде көріп, олардың қызметінің ерекшеліктерімен жақынырақ танысты.

Блогерлер отбасы өз аудиториясына құтқарушылардың техникалары мен құрал-жабдықтарының мүмкіндіктері туралы айтып, қауіпсіздік ережелерін де назардан тыс қалдырмады. Олар балаларға терезеден құлаудың алдын алу, судағы қауіпсіздік және өрт қауіпсіздігі қағидаларын еске салып, жазғы демалысты қауіпсіз өткізуге шақырды.

Кездесу соңында блогерлер құтқарушылардың кәсібилігіне, батылдығы мен жанқиярлық еңбегіне жоғары бағасын беріп, адам өмірін сақтаудағы жауапты қызметіне ризашылықтарын білдірді.

Мұндай блог-турлар құтқарушылардың қызметін кеңінен таныстырып қана қоймай, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және маңызды ақпараттың әлеуметтік желілер арқылы кең аудиторияға тиімді таралуына ықпал етеді.