Әр секунд маңызды: Шымкентте медициналық орталықта өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді

Әр секунд маңызды: Шымкентте медициналық орталықта өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді

Адам өмірі үшін күрес тоқтамайтын медициналық мекемеде төтенше жағдай кезінде де әрбір секундтың маңызы зор. Осындай сәттерде дәрігерлердің, құтқарушылардың және барлық жедел қызметтердің бірлескен әрі үйлесімді әрекеті шешуші рөл атқарады. Осы мақсатта Шымкент қаласындағы «Дария медикус» медициналық орталығында өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді.

«Дария медикус» медициналық орталығы 2021 жылдан бері тұрғындарға медициналық қызмет көрсетіп келеді. Жалпы аумағы 939,4 шаршы метрді құрайтын үш қабатты ғимарат тәулік бойы жұмыс істейді. Орталықта амбулаториялық-емханалық бөлімше, операциялық блок және гинекология бөлімі орналасқан. Бұл нысан өрт қауіпсіздігі талаптарының қатаң сақталуын қажет ететін медициналық мекемелердің қатарына жатады.

Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес шартты өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан операциялық блокта шықты. Нәтижесінде жалын мен түтіннің көршілес бөлмелерге таралу қаупі туындады. Өрт туралы белгі түскен бойда медициналық орталық қызметкерлері алғашқы іс-қимылдарға кірісіп, науқастар мен келушілерді эвакуациялады, төтенше жағдай туралы жедел қызметтерге хабар беріп, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдады.

Оқиға орнына жедел жеткен Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жедел штаб құрып, барлау жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ нысанның электрмен жабдықталуы ажыратылып, шартты өрт оқшауланып, оның әрі қарай таралуына жол берілмеді. Барлық қойылған міндеттер бекітілген іс-қимыл алгоритмдеріне сәйкес орындалды.

Медициналық мекемелер адамдар көп жиналатын нысандар санатына жатады. Мұнда келушілермен қатар тұрақты күтімді қажет ететін әрі ғимараттан өздігінен шыға алмайтын науқастар болады. Сондықтан мұндай оқу-жаттығулардың маңызы ерекше. Олар жеке құрамның практикалық машықтарын жетілдіруге, төтенше жағдайлар қызметтері мен медицина қызметкерлерінің өзара іс-қимылын пысықтауға және нақты төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету дайындығын арттыруға мүмкіндік береді.

Оқу-жаттығуға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері, Апаттар медицинасы орталығының мамандары, жедел медициналық жәрдем қызметі, полиция қызметкерлері және инженерлік-коммуналдық қызметтердің өкілдері қатысты.

Өрт-тактикалық оқу-жаттығу қорытындысы бойынша барлық жұмылдырылған қызметтердің іс-әрекетіне оң баға берілді. Мұндай тәжірибелік іс-шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға, сондай-ақ ықтимал төтенше жағдайлардың салдарын жоюға дайындық деңгейін арттыруға бағытталған маңызды дайындық кезеңі болып табылады.